Синтетикалық есірткі саудалаған БҚО тұрғыны 10 жылға сотталды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда синтетикалық есірткіні жасырын сатпақ болған БҚО тұрғыны 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Одан тәркіленген есірткінің құны шамамен 25 млн теңгені құраған. 

Шымкентте есірткі шеккен жалған полицей ұсталды
Фото: Мұхтар Холдорбеков/Kazinform

Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, көрші өңір тұрғыны былтыр маусымда ұсталған.

«Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері өткен жылы Атырау қаласына келіп, есірткі заттарын жасырын тығу арқылы саудалаған Батыс Қазақстан облысының 29 жастағы тұрғынын анықтап, ұстаған еді. Тексеру жұмыстары кезінде күдіктіден қара нарықтағы құны шамамен 25 млн теңгенің 1700-ге жуық доза синтетикалық есірткісі тәркіленді. Күдіктіге қатысты қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Күдіктінің қылмыстық іске қатысты кінәсі толық дәлелденді. Ол тұрмыстық жағдайы нашарлап, несие қарызын өтеу үшін жұмыс іздеген. Алайда, тұрақты жұмыс таба алмай, Telegram арнасында есірткі затын жасырын әдіспен таратушы болғанын мойындады», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қылмыстық іс Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды. Сот үкімімен Батыс Қазақстан облысының тұрғыны 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Еске сала кетелік, бұған дейін БҚО мен Ақмола облысының тұрғыны Атырауда есірткіні тығып сатпақ болғанын жазған едік.

Сондай-ақ, Атырауда көрші өңір тұрғындарынан есірткі мен тапанша тәркіленгенін хабарлаған болатынбыз.

Ал, кеше синтетикалық есірткі сақтады деп айыпталған атыраулықтан тапанша мен пышақ табылды

Соңғы жаңалықтар