Сирек кездесетін бүктемелі домбыра – Петропавлға Павлодар өңірінің көрмесі келді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің 100 жылдық мерейтойына орай Петропавлда «Тау тұлғаларға тұғыр болған қасиетті Павлодар өңірі» атты көрме жұмыс істеп жатыр. Жоба аясында Кереку өңірінен СҚО-мен байланыстыратын құнды дүниелер - 100-ге жуық жәдігер әкелінген.

СҚО тарихи-өлкетану музейінде ашылған көрмеге Григорий Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің және Майра Шамсутдинова атындағы ән-өнер шығармашылығы музей үйінің жәдігерлері – елге танымал тұлғалардың жеке заттары мен құжаттары әкелінді.

Көрмеге қойылған экспонаттардың қатарында Мұса Шормановтың шам ұстағышы, осы өңірден шыққан әнші-сазгерлердің домбыралары, Шәкен Аймановтың сахналық костюмдері, Майра Уәлиқызы ұстаған музыкалық аспапқа ұқсас - «Тальянка» сырнайы, халық әншісі-сазгердің қамзол-шапаны бар.

«Екі елдің тарихи тұлғалары арасындағы мәдени байланыс сонау ертеден басталған. Біздің өңірден шыққан кинорежиссер Шәкен Аймановты Семей қаласынан Ғабит Мүсірепов Алматыға апарып, жұлдызын жаққан. Жаяу Мұса да Қызылжарда тұрған, кейін Омбыға барған. Құдайберген Әлсейітов те Қызылжарда болған, Үкілі Ыбырайдан тәлім-тәрбие алған. Осы Үкілі Ыбырайдың желдірме жанрын Павлодарға апарған осы Құдайберген ақын. Естай Беркімбаев та осы жақта Ақан Сері, Біржандармен бірге жүріп, өзінің композиторлық қабілетін шыңдаған адам. Сол мәдени байланысымызды біз жалғастырайық деп, Павлодар өңірінен шыққан әйгілі тұлғаларды таныстырайық, көрсетейік деген ниетпен көрмені әкеліп отырмыз», - дейді М.Шамсутдинова атындағы ән-өнер шығармашылығы музей үйінің басшысы Ерлан Рахимов.

Ерекше жәдігерлердің бірі – айтыскер ақын Құдайберген Әлсейітовтың жиналмалы «тұмар» домбырасының түпнұсқасы. Көрмені ұйымдастырушылардың айтуынша, құнды дүниені Құдайберген Әлсейітовтың жиені Амангелді Уақпаев музейге тапсырған екен. Арнайы тапсырыспен жасалған домбыра екіге бүктеледі, сол себепті де алып жүруге ыңғайлы болған.

Павлодардан әкелінген көрме СҚО тарихи-өлкетану музейінде бір айға жуық жұмыс істейді. Кейін осы жоба аясында Қостанай облысының, Тараз, Қызылорда қалаларының музейлері Петропавл қаласында осындай көрмелер ұйымдастырмақ.


