Сирек кездесетін жаһұт: вьетнамдық БАҚ Димаш Құдайберген туралы жазды

АСТАНА. KAZINFORM — Вьетнамдағы бұқаралық ақпарат құралдары 6 желтоқсан күні Ханой қаласында өтетін ең ірі 8WONDER Winter 2025 фестивалінде өнер көрсететін Димаш Құдайберген туралы жазды. Бұл турады DimashNews сайты жазды. 

«Сирек кездесетін жаһұт: вьетнамдық БАҚ Димаш Құдайберген туралы жазды
Фото: DimashNews

Вьетнамның жетекші басылымдарының бірі Saigon Giai Phong фестиваль туралы хабарлай келе, қазақстандық әншіге ерекше тоқталып өткен. 

— Димаш Құдайберген — Қазақстаннан шыққан әлемге әйгілі әнші. Ол алты октава мен бес жарты тонды қамтитын ерекше дауыс диапазонымен ерекшеленеді. Әнші тыңдармандарын терең әрі күшті баритоннан бастап, физикалық мүмкіндіктерге бағынбайтындай көрінетін сирек кездесетін жоғары ноталарға дейінгі дауыстық мүмкіндігімен таңғалдырып келеді. 

Миллиондаған жанкүйер Димашты тек вокалдық шеберлігі үшін ғана емес, сонымен қатар әндері арқылы тарихты жырлап, тіл мен мәдениет шекараларын еңсеріп, адамдардың жүрегіне жол таба білетіні үшін де қадірлейді, - деді аталған басылым. 

«Сирек кездесетін жаһұт: вьетнамдық БАҚ Димаш Құдайберген туралы жазды
Фото: DimashNews

Ал Вьетнамдағы күнделікті шығатын газеттердің бірі Tuoi Tre Димашты «сирек кездесетін жаһұт» деп атады. 

— Димаш — «Жаһұт». Өйткені ол талантты. Ал «сирек» болатын себебі, ол қоғамдағы жалпы ағымға ермейді.

Музыкада алгоритмдер мен формулалар үстемдік еткен дәуірде Димаш өз жолын таңдап, классикалық музыка, поп, фолк және опера элементтерін үйлестіре білді. Ол ағылшын, орыс, француз, қытай, араб және қазақ тілдерін қоса алғанда, 13-тен астам тілде ән айтады. Әрбір тіл — ол үшін жергілікті мәдениет пен тыңдарманға құрмет білдірудің бір түрі.

Димаштың шын мәніндегі ерекшелігі — оның шығармашылық ұстанымында. Ол шығармашылық еркіндігін сақтау үшін, ірі дыбыс жазу компанияларымен ұзақмерзімді келісімшарттарға қол қоймайды.

Ешқандай жанжал да, жарнамалық айла-шарғы да жоқ. Димаш тек өзіне лайық деп санаған туындыларын ғана халыққа ұсынады. 

Даңқ тез келіп, тез ұмытылатын индустрияда Димаш баяу, бірақ сенімді әрі мұқият әрекет етеді. Ол — әр нотаны жарқырағанша қырнайтын зергер секілді. Қоғам талғамының ықпалына ермей, өнердің тазалығына адал болу – бүгінгі таңда сирек кездесетін қасиет. 

Димаш — нағыз өнердің адамы. Ол үшін жарнаманың тіпті де қажеті жоқ, оған тек шынайы жүрек, нәзік сезім мен мінсіз шеберлік керек, - деп жазды Tuoi Tre газеті.

«Сирек кездесетін жаһұт: вьетнамдық БАҚ Димаш Құдайберген туралы жазды
Фото: DimashNews

Сонымен қатар шетелдік журналистер тек Димаштың биыл шілдеде Ханойдағы Ho Guom Opera сахнасында өткен алғашқы концертін еске алып қана қоймай, оның шығармашылығын терең зерттеп, аналитикалық мақалалар мен музыкалық сыншылардың пікірлеріне де назар аударып жатыр.

Мысалы, Вьетнамның ең танымал жаңалықтар сайттарының бірі VnExpress басылымы жариялаған «Димаш — аспанмен астастан дауыс иесі» атты мақалада журналист Astana Times газетінде жарияланған материалдан үзінді келтіреді. 

— Жас болса да, Димаш Құдайбергеннің музыкасы тыңдарманының толықтай назары мен зейінін талап етеді. Оның кейбір әндері соғыс, аштық және табиғи апат сияқты қазіргі заманның қайғылы құбылыстарына деген өз көзқарасын білдіреді, - делінген аталған жазбада.

«Сирек кездесетін жаһұт: вьетнамдық БАҚ Димаш Құдайберген туралы жазды
Фото: DimashNews

Мақалада адамзатқа дәл осындай талант иелері қажет екені ерекше атап өтіледі.

— Димаш Құдайберген тыңдарманға қысым жасап, өзіне табынуды талап етпейді. Керісінше, ол әрқайсымыздың ішіміздегі жарықты бейнелеп, сол жарықты сақтап, өзгелермен бөлісу — біздің ортақ міндетіміз деп түсінеді, - деп жазған мақала авторы.

 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Димаш Құдайберген Вьетнамдағы музыкалық фестивальде ән шырқайтынын хабарлағанбыз. 

Соңғы жаңалықтар