Сирияның бүгінгі жағдайы: Тартус шаһары - тұтқында болғандардың баспанасы
ТАРТУС. ҚазАқпарат - Агенттігіміздің арнаулы тілшісі Сириядағы өмір бойынша ақпарат беруді жалғастыруда. Осы материалда Қазақстаннан жеткізілген гуманитарлық жүкті қабылдаған Тартус қаласы жайында баяндалады.
Дамасктен Тартус шаһарына қарай қазақстандық делегацияға қаруланған күзеті бар екі автокөлік ілесіп жүрді. Осы қауіпсіздік шарасын Қазақстанның Сириядағы Құрметті консулы Сайиб Ан-Нахас ұйымдастырды.
Дамасктен шығатын кезде күзет қызметкерлері бағдарды өзгертіп, күре жолға айналма бағыттармен шықты. Атап айтқанда, «Дамаск-Хомс-Тартус» жолына баратын негізгі даңғылдың учаскесінде қарулы топтардың шабуылы болуы мүмкін деген ақпарат пайда болды.
Қас қарая бастағаннан кейін авкөліктер Хомс қаласына соқпай, айналып кетті. Осы ретте кері қайтқан кезде бұл шаһар арқылы өту туралы шешім жасалды.
33 контейнерге тиелген 500 тонна гуманитарлық жүкті түсіру Тартус теңіз портында іске асырылды. Порттың және ондағы кемелердің күзетін РФ Қорғаныс министрлігінің әскери контингенті қамтамасыз етеді. Қазақстандық делегация мен Тартус провинциясы кеңесі басшылығының арасында Сирия арнайы қызметтерінің де адамдары болды. Олардың бірі тілшілерге азаматтық кемелер мен гуманитарлық контейнерлер тұрған теңіздің бөлігін ғана түсіруге кеңес берді, ал жағалаудың басқа жақтарын фотосуретке түсіруге тыйым салды. Себебі, ол жерлерде әскери кемелер тұрған болатын.
Тартуста тілшілер лаңкестер әрекеттеріне байланысты өз қалалары мен елді мекендерінен қашқан тұрғындарға арналған лагерьдегі өмірмен танысты.
«Сирияда қоныс аударуға мәжбүр болғандардың көпшілігі шатырларда емес, арнайы жабдықталған баспаналарда өмір сүріп жатыр. Уақытша қоныс аударғандарды орналастыру шараларымен Сирияның әлеуметтік мәселелер жөніндегі министрлігі айналысады. Осындай баспаналар көп жағдайда спорт кешендері, мектептер, мешіттер немесе шіркеулер аумағында жасақталады. Ол жерде мұқтаждарға киім-кешек пен азық-түлік таратылады. Арнайы қызметкерлер балалардың жағдайын жасайды, мұғалімдер оқушыларға тәлім береді. Сонымен қатар медициналық пунктер жұмыс істейді», - деді Тартус провинциясы кеңесінің төрағасы Ясир Дийб.
Лагерь ғимараты алдында қазақстандық тілшіні 3-10 жас аралығындағы балалар қарсы алды. Фотокамераны көрген бетте олар журналисті қоршап алып: «Ей, жапон, бізді суретке түсір! Сен жапонсың ба, әлде корейсің бе? Қайдансың?»,-деп сұрақтарын қоя бастады. Шетелдіктердің келуі балалар үшін қызық оқиғаға айналып кетті. Осы сәтте бүлдіршіндер соғыс нәубетін ұмытып кеткендей әсер болды. Балалардың жүзіне қасірет пен үрейдің бейнесі басылып қалғандай, алайда оларда адамға деген үміт пен сенімнің ұшқыны әлі де өшпеген. Жеткіншектер қазақстандық делагацияның жүріс-тұрысына қызығушылықпен қараумен болды.
«Сен қайдан келдің?», -деп сұрады балалар «ҚазАқпарат» тілшісінен. «Қазақстаннан келдім»,-деп жауап қайырдым. Сол сәтте балалар еліміз туралы қызықтырған сауалдарын жаудырды.
«Көп тұрғындар осында жарты жылдан бері тұрып келеді, ал кейбірлері 1,5-2 жыл бұрын орналасқан болатын. Сол уақыттан бастап адамдар мемлекеттің қолдауымен және гуманитарлық көмектің арқасында өмір сүріп келеді. Балаларға бұл жер қызықсыз, іштері пысып жүреді. Өздеріне ұқсамайтын бейтаныс адамдар келген кезде қуанышқа кенеледі. Жалпы, кішкентай бүлдіршіндер осыған дейін бейбіт өмір болғандығын біле бермейді»,-деп түсіндірді лагерьді күзетіп жүрген жауынгердің бірі.
Кешке қарай лагерьде қараңғы. Тек шағын бөлмелерде энергия үнемдегіш шамдардың жанып тұрғанын байқауға болады. Дәлізде жүрген тұрғындар қазақстандық тілшілерге сенімсіздікпен қарап, әңгімелесуден тартынды. Дегенмен, кішкентай бөлмеде 5 адамнан құралған отбасымен тұрып жатқан Амина Мухаммад Антифа өзінің қазіргі жағдай туралы баяндап берді.
«Бір ұлым Сирия Қарулы күштері сапында соғыста көз жұмды. Екінші ұлым Алеппода қызмет етуде, ал үшінші балам осында Тартуста әскери борышын өтеп жүр. Лагерьдің әрбір бөлмесінде әр қаладан келген отбасылар бас сауғалауда. Үкіметтік әскер ешқашан да бейбіт тұрғындарға оқ атқан емес. Олар бізді Алеппода содырлардың қоршауынан шығарып алды. Біз Алладан сириялық әскердің сарбаздарын қорғауды тілеп отырмыз»,-деді қарт ана.
Өз кезегінде Амина Антифаның ұлы Махмұд қазіргі кезде сириялық әскерде қатардағы сарбаз екенін атап өтті.
«Қарулы топтар қадағалап жүрген елді мекендерден бейбіт тұрғындар кетуге талпынған кезде содырлар адамдарға оқ ата бастайды. Шығатын жолды бөгеу үшін ауыр снарядтарды да пайдаланатын кездер болады. Содырлар үкіметтік әскердің елді мекендерге толықтай кіруіне барынша кедергі жасап отыр. Осы орайда бейбіт тұрғындарды өздері үшін «тірі қалқан» ретінде пайдалануда. Түрлі қарулы топтардағы содырлардың көбісі Сирия азаматтары емес. Сондықтан олар бейбіт тұрғындарға аяусыз оқ жаудыра береді»,-деді Махмұд.
Оның сөзіне қарағанда, лагерьде дәрі-дәрмек тапшылығы қатты сезілуде. Әңгіме барысында Махмұд жанында тұрған жеті жастағы баланың денесін көрсетті. «Бірнеше жыл бұрын бұл жеткіншек әкесімен бірге Пальмирадағы кезекті жарылыс ошағының жанында болған еді. Ол қатты жараланып, денесін күйік шалды. Енді жарақаттанған жерлерде үлкен жаралар пайда болды»,-деді ол.
Өзінің жеті жыл өмірінде осы бала бейбіт өмірді көрмеген, яғни соғысқа дейін туған қаласы Алеппоның қандай болғанын да білмейді. Соңғы бес жылдан бері оның отбасы лагерьді паналап жүр. Олармен көршілес тағы да осындай 80 отбасы өмір сүруде. Бұл адамдардың бар арманы - қанды соғыс аяқталып, туған елді мекендерінде бейбіт ғұмыр кешу.
«Мен Алеппо тұрғынымын. Қалада болғанымызда содырлар біздің сириялық әскерге қарай баруымызға қарай тыйым салды. Ал қоныс аударуға тырысқандарды аяусыз өлтіріп жүрді. Бұл лагерьде азық-түлік пен дәрілік заттарды аламыз. Электр энергиясы тәулігіне 4-5 сағатқа беріледі. Осыны пайдаланып, тамақ дайындаймыз»,-деді лагерь тұрғыны Акрам.
Алеппо қаласы толықтай қирағаны туралы таратылған ақпарат асыра айтылған көрінеді. Осы ретте қаланы лаңкестерден босату кезінде сириялық әскер мен ресейлік жауынгерлер шаһарды тұтастай үйіндінің астында қалдырды деген мәліметтер дәйексіз болып шықты.
«Содырлар топтасқан Алеппоның шығысындағы аудандар қатты зардап шекті. Үкіметтік әскердің қоршауында қалған олар тұтқынға берілуден бас тартты. Ол жерде нағыз қиян-кескі ұрыс болды. Қала лаңкестерден тазартылғаннан кейін, жақында лагерьдің кейбір тұрғындары өздерінің туған қаласы Алеппоға кетті»,-деді қарулы күзетші Мұхаммад.