Си Цзиньпин 23-25 қыркүйек аралығында АҚШ-қа барады
АСТАНА. KAZINFORM — ҚХР төрағасы Си Цзиньпин 23-25 қыркүйек аралығында АҚШ-қа мемлекеттік сапармен барады, деп хабарлайды Бейжіңдегі Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Бұл туралы дүйсенбіде өткен баспасөз мәслихатында ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Го Цзякунь хабарлады. Оның айтуынша, сапар АҚШ Президентінің шақыруымен өтеді.
— Сапар барысында Си Цзиньпин мен Дональд Трамп Қытай-АҚШ қатынастарының өзекті мәселелерін талқылап, әлемдегі бейбітшілік пен жаһандық даму бағыттары бойынша жан-жақты пікір алмасады, — деді Го Цзякунь.
Оның айтуынша, мемлекет басшылары арасындағы дипломатиялық байланыс Қытай-АҚШ қатынастарын стратегиялық тұрғыдан дамытуда айрықша маңызды рөл атқарады. Ал алты ай ішінде екі ел көшбасшысының өзара кездесуі — тарихтағы маңызды белес.
— Қытай АҚШ-пен бірге екіжақты қатынастарды сындарлы стратегиялық тұрақтылық негізінде дамытуға, диалог пен ынтымақтастықты нығайтуға, келіспеушіліктерді дұрыс реттеуге және екі ел халықтарының әл-ауқатын одан әрі арттыруға ниетті. Сонымен қатар әлемде бейбітшілік, тұрақтылық пен өркендеуді ілгерілетуге күш салады, — деді дипломат.
Бұған дейін Трамптың Қытайға сапарын аяқтағаны хабарланған болатын.
Ақзат Жиеналина