Сыйлықтан шыққан шу: Атырауда білім бөлімі 600 сыйлықты қайта жасақтауға уақыт берді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Әлеуметтік желілерде тараған видеода алматылық кәсіпкер Атырау қалалық білім бөлімі ұйымдастырған мемлекеттік сатып алу конкурсында жеңіске жеткенімен, жеткізілген 600 жаңа жылдық сыйлықтың қабылданбауына байланысты 2 млн 700 мың теңгеге шығынға батқанын мәлімдеген еді. Алғашында тауардың қабылданбайтынын айтқан білім бөлімі енді кәсіпкерге олқылықты жою үшін уақыт берді.

Балаларға сапалы әрі қауіпсіз жаңа жылдық сыйлықтарды қалай таңдау керек
Фото: pexels.com

Кәсіпкердің айтуынша, ол жаңа жылдық сыйлықтарды жеткізу бойынша мемлекеттік тендерге қатысып, бір сыйлықтың бағасын 4 990 теңге деп ұсынып, өзге қатысушылардан 10 теңгеге арзан баға көрсеткен.

Алайда кәсіпкер Атырауға тауарды тапсыру үшін келген кезде, білім бөлімі сыйлықтарды қабылдаудан бас тартқан. Жалпы жеткізілген өнім көлемі – 600 дана балаларға арналған жаңа жылдық сыйлық. Оның сөзінше, тек қаржылық шығынға ұшырап қана қоймай, өзін мемлекеттік сатып алуларға қатысу құқығынан айыратын жосықсыз жеткізушілер тізіліміне енгізу туралы хабар алған.

Атырау облыстық білім беру басқармасының берген ресми мәлімедемесіне сүйенсек, әр жиынтықта 17 түрлі тәтті, олардың салмағы мен құрамы талапқа сай болуы тиіс еді. Ал жеткізілген сыйлықтардың ішінде шамамен 10 ғана тәтті болған және жалпы салмағы белгіленген нормадан төмен болған.

Кәсіпкер тауарды 30 желтоқсан күні әкелген. Келісімшарт талаптары орындалмағандықтан, қаражат жергілікті бюджетке қайтарылған.

Бұл мәселе әлеуметтік желі арқылы көптің назарын аударып, қызу талқыға түсті. Атырау қалалық білім бөлімі кәсіпкер келісімшартқа сәйкес 10 қаңтарға дейін сыйлықты техникалық сипаттамаға сәйкес дайындап беру керектігін мәлімдеді. Білім бөлімі сыйлық талапқа сай келсе, қабылдап, тізімге сәйкес балаларға таратамыз деп отыр.

Соңғы жаңалықтар