Сіз маған өз ана тілінде қанша бала сөйлейтінін айтыңыз, мен сонда сізге ұлттың болашағы туралы айтып берейін ? А. Айталы

АСТАНА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Елбасының бастамасымен құрылған Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры өткен жылдың соңына қарай ғана жұмысын бастаған екен.
None
None
Аз ғана уақыт ішінде аталған қор биылғы жылы атқаратын жоспарларын ауқымдандырып, бекем іске кірісетіндей сыңай танытып отыр. Қазірдің өзінде Қордың қамқоршылық кеңесі құрылған. Оған Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев төрағалық етеді. Жақында Президенттік қор мен «Нұр Отан» ХДП арасында Тіл саясатындағы бірлескен қызмет туралы меморандум да жасалды. Ендігі күні тіл мәселесіне байланысты қоғам арасында ынталандыру шараларына пәрмен берілейін деп отыр. Қордың ұстанған мақсат, мұраты да айқын ? ең бастысы тіл саласындағы мемлекеттік органдардың жұмысын қайталамай, қоғам арасында қазақ тілінің беделін арттырумен шұғылдану, әкімшілік ресурстарсыз-ақ жаңашылдық ізденістерімен қоғамды баурау. Осыған орай, Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры қазақ тілінің дамуына бағытталған жобаларға бірнеше байқау өткізетіндіктерін жариялады. Арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, онда Президенттік қор төрағасы Берік Әбдіғалиев, Қордың қамқорлық кеңесінің мүшелері Қуаныш Сұлтанов, Амангелді Айталы өз ойларын ортаға салды. Алдымен тіл тақырыбындағы байқауларға тоқталып өтсек. Бірінші, Президенттік қор қазақ тілінің деңгейін көтеру, мәдени-руханиятына дем беру мақсатында қазақ тілінің дамуына, патриоттық сезімді нығайтуға, Қазақстанның мызғымастығына үлес қосатын жобаларға арнайы грант тағайындайды. Байқауға ғылыми ұжымдар, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер, жекелеген тұлғалар, тіпті мемлекеттік органдар да атсалыса алады. Тоқсан сайын өткізілетін байқаудың жүлделік қоры 100 мың теңгеден 300 мың теңгеге дейін болып отыр. Екінші, байқау «Береке мен бірліктің тілі ? қазақ тілі» атты ең үздік жарнамаға жарияланады. Байқауға қатысатын жарнама қазақтың тілінің «Береке мен бірліктің тілі» екендігін баяндауы қажет. Сол секілді жарнаманы көрген немесе естіген жан бірден қазақ тілі туралы жылы пікірге бөленуі тиіс. Осы мақсаттағы бейнероликтер, суреттер мен плакаттар сәуірдің 15-іне дейін қабылданады. Байқау жеңімпаздарына 300 мың теңгеге дейін сыйақы беріледі. Үшінші, «Орыс тілді басылымдар арасында мемлекеттік тілді дәріптеген үздік мақала» атты байқау ұйымдастырылады. Бұған қатысушылар қазақ тілінің қоғам тұтастығының кілті екенін ашып көрсетулері керек. Сонымен бірге, мақала орыстілді қауымды қазақ тілін үйренуге шақыруы тиіс. Қатысам деушілер өз материалдарын маусымның 15-іне дейін жіберсе, жеңімпаздар маусымның 28-і, баспасөз күнінде марапатталатын болады. Бұндағы сыйақы қоры да 300 мың теңгеге дейін болады. «Қазақ тілін үйретудің ең үздік әдістемесі» атты тағы бір байқау бұл тілді тиімді әдіспен үйретудің әдістемесін анықтау мақсатында ұйымдастырылады. Ал сарапшылар жеңімпаз деп таныған жоба қор тарапынан кітап немесе қажетіне қарай арнайы дискі болып көп данамен жарық көреді. Бесіншіден, Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қорының арнайы сыйлығы да тағайындалатын болады. Ондай сыйлық қазақ тіліне, қазақ ұлтының мүддесіне қызмет еткен, өмірін осы жолға арнаған жекелеген тұлғаларға жыл сайын бес аталым бойынша беріледі. Жүлденің жалпы қоры 2 млн. 500 мың теңгені құрайды. Қоғам назарын аударуға бағытталған тағы бір байқау «Қоғамдық тіл инспекциясы» фотобайқауы болып отыр. Бүгінгі күні фотобайқауды республикалық «Айқын» газетімен бірлесіп өткізу туралы келісім жасалған. Осы байқауға кез-келген қарапайым оқырман қатыса алады. Қатысушы өзі тұрған аумақта көшелердегі жарнамалар мен билбордтарда мемлекеттік тілде жазылған қателерді фотоға түсіріп, оны газет редакциясына жіберуі тиіс. Тоқсан сайын өткізуі жоспарланған бұл байқаудың жүлделік қоры 50 мың теңгеге дейін болады. Президенттік қор бастамашы болып отырған бұл байқау шаралары қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алғанына 20 жыл толуына орай ұйымдастырылуда. Ал қомақты жүлделік сыйақыларды құрайтын байқаулардың қоғамға берер әсері де мол болары сөзсіз. Дегенмен де, өткен 20 жылда тіл мәселесінде жетпеген жетістіктерге бірден секіріп шығамын деуге де болмас. Осы үшін де тілдің тартымдылығы, талаптылық, ынталылық және қоғам сұранысын тудырушылық шараларына қордың бет бұруы құптарлық жайт. Жалпы, тіл мәселесіне қатысты бүгінгі күнге дейін айтылмаған сөз қалмаған секілді. Бірақ нәтижеге көптің көңілі толмайды. Сондықтан да, бұдан кейін сол олқылықтардың орнын толтыру үшін Президенттік қордың кешенді қадамдарға баруына тура келеді. Бұндай баса назар аударуға тұрарлық шара туралы баспасөз мәслихатында Амангелді Айталы да айтып қалды. Оның өзі негізінен тілдің әлеуметтік проблемасына және балалар әдебиетіне қатысты болып отыр. «Менің ойымша, тіл саясатының негізгі ортасы отбасы болуы тиіс. Бұл тұрғыдан келгенде, балаларды оқыту, балабақшада, мектепте жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілге басымдық берудің жөні бөлек. Ғылым саласында, жоғары оқу орындарында, БАҚ-та тілге қатысты біршама өзгерістер көрініп тұр және жалпы қоғамның біртіндеп мемлекеттік тілге басымдық беріп отырғаны, тіпті бұл тұрғыда қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар тарапынан қысым көрсетулер де болды деп айтуға негіз бар. Мысалы, кешегі күні ғана жаңа төлқұжатқа байланысты мәселені алайық. Зиялы қауымның жедел үнқатуынан, биліктің соны дереу сезіп, өз қателіктерін түзетуге кірісуінен қоғамдық пікірдің айқын басымдылық көрінісін аңғаруға болады. Яғни, бір тараптан біз қоғамда алға жылжушылықтар бар деп айта аламыз. Бірақ, қазақ тілінің проблемасындағы басты назар аударарлық жағдай қайсы? Осыны терең зерттеу үшін мемлекеттік тіл мәселесі бойынша әлемнің бірқатар елдеріндегі жағдай жөніндегі әдебиеттерді ақтарып шықтым. Осы жайында тоқтала кетсем. Неге бүгінгі АҚШ білім алу үшін, жұмыс істеу үшін, қолайлы өмір сүру үшін өзінше бір «Меккеге» айналып отыр? Не себепті бұлай? Тіпті американдықтар өз тілдерін үйретуге ешкімді күштеп отырған жоқ қой?! Осы тұрғыдан алғанда, әлемдік тәжірибенің өзі жұрттың өмір сүруге қолайлы, әлеуметтік бақуақыттылығы сай, заңдылық, тәртіп пен демократияның салтанат құрған елінде өмір сүруге ұмтылатынын көрсетеді. Сондықтан да, сондай елге тартыла отырып, сол елдің тіліне сөзсіз басымдық береді. Яғни, біз өткен 20 жыл бойы шындығында да тілді насихаттауға көп көңіл бөлдік те, тілдік мәселедегі әлеуметтік өлшемдерге жуықтағамыз жоқ. Мәселен, біз Балтық жағалауы елдерінің тәжірибесі туралы көп айтамыз. Әрине бұл елдердегі тіл саясатында белгілі бір нәтижелер баршылық. Бірақ, соған қарамастан «Неге ұлтым орыс бола тұрып, жарты млн. эстондықтың тілін үйренуге тиіспін? Бұл тіл маған не береді? Эстон тілін біле отырып, мен АҚШ-тағы, Германиядағы секілді ауқатты өмір сүре аламын ба жоқ па?» деген сұрақтар сол елдердің қоғамында әрдайым туып отырады. Эстондық және латвиялық мұғалімдер мен дәрігерлердің «Елімді сүйемін, мемлекетімді жаратпаймын», деп ұран салып, шеруге шыққаны бар емес пе?! Сол әлеуметтік сала қызметкерлері «мені оқуға мәжбүрлейді, оқып шыққаныммен бұл мемлекетте қалай өмір сүремін», дегенді айтады. Сондықтан да, кез-келген қоғамда кез-келген проблемада әлеуметтік мәселе алдыңғы қатарға шығады. Осы тұрғыдан келгенде азаматтардың белгілі бір тілді меңгеруді таңдаған кезінде, ең бастысы олардың сол тілді мемлекеттік тіл болғандығынан ғана емес, сондай-ақ сол тілдің әлеуметтік басымдықтары үшін таңдайтынын түсінетін де уақыт жетті. Ал Қазақстанда біз осындай қазақ тіліне деген басымдықты әлі күнге жасай алмай келеміз. Яғни, еліміздегі кез-келген азамат қандай ұлтқа жататынына қарамастан, қазақ тілі арқылы жақсы жұмысқа орналасып, жайлы өмір сүруіне жағдай болатынына сенуі тиіс еді. Бірақ солай болмай тұр ғой. Шындығында да, азаматтық пен тілді таңдауда ең бірінші әлеуметтік жағдай маңызды болып отырады. Сондықтан да біз бүгінгі күні қазақ тілінің мәртебесін әлеуметтік жағдайлармен терең байланыстыруымыз қажет. Қазаққа да, басқаға да бұл тілдің берері, қайтарымы болуы тиіс. Әрине, осы тұрғыдан алғанда Президенттік қор алдағы уақытта қажетті бағдарды белгілеуі шарт. Тіл проблемасы қоғамның барлық қатынасымен бір жиынтықта қаралуы қажет», деді А. Айталы. Оның айтуынша, Президенттік қордың алдағы жұмысында баса назар аударатын тағы бір мәселе қазақ тіліндегі балалар әдебиетіне қатысты болуы тиіс. Өйткені ұлттың болашағы тілінде болатын болса, ең алдымен сол тілді сақтайтын ұрпаққа жағдай жасалуы тиіс. «Сіз маған өз ана тілінде қанша бала сөйлейтінін айтыңызшы, сонда мен сізге ұлттың болашағы туралы айтып берейін. Мүмкін біз барлық қаражатты таралу тиражы өте аз, базардағы құны өте жоғары болып отырған балалар әдебиетіне аударармыз?! Бұл туралы да ойлануға тура келеді. Сондықтан да мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры тіл проблемалары бойынша әлеуметтік, психологиялық проблемаларға, балалар әдебиетімен айналысуға көбірек үңілсе игі. Бүгінгі Қазақстан тіл тұрғысындағы осындай әлеуметтік проблемаларды толығымен шеше алатын деңгейде», дейді А. Айталы. Осындай пікірден кейін Президенттік қордың жариялаған бір байқауын арнайы қазақ тіліндегі балалар әдебиетіне немесе ана тілінде мультфильмдер шығаруға қатысты жасағаны дұрыс болатын еді деген ойға қалдық. Дегенмен де, Қордың грантындағы жобалардан бұндай үздік бастамалардың орын алатынына да сенім бар. Қор тілдің дамуын ұлттың дамуынан бөлек қарамайды. Сондықтан да, тілден басқа ұлттық тарихқа, отансүйгіштікті арттыруға бағытталған жобалардың үздіктері Қор тарапынан қамқорлыққа алынады десе де болады.
Соңғы жаңалықтар