«СҚ-Фармация» басшысы: Айлығым өскен жоқ
АСТАНА. KAZINFORM — «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында өзінің айлығы қанша екенін айтты.
— Сіздің алдыңыздағы «СК-Фармация» басшысы өз айлығы 1 млн 400 мың теңге екенін айтқан еді. Компанияның 2024 жылғы есебін қарап отырсақ, топ-менеджменттің сыйақысына оның алдындағы жылдан 20 млн теңге көп жұмсалыпты. Әрине, 2025 жылдың деректері әзірге жоқ, дегенмен де сіздің айлығыңыз алдыңыздағы әріптесіңізге қарағанда өскен болып тұр ма, — деп сұрады БАҚ өкілі.
Нұрлыбек Асылбеков сыйақы мөлшерінің артқаны өзінің айлығына әсер етпегенін айтты.
— Қызықты сұрақ қойып отырсыз, әрине. Өскен жоқ, сол күйінде. Шамамен 1,5 млн теңге. Сіз жаңа 1 млн 100 мың теңге дедіңіз бе, сол деңгейде. Ал еңбекақы қорының артқанына келсек, соның есебінен персоналдар тартып жатырмыз. Ал басқарма мүшелері мен басшылардың айлығы сол күйінде қалды, — деді «СҚ-Фармация басшысы.
Айта кетейік, бүгін Үкімет халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жайын талқылады.