«Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы әзірленді

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысында шағын және микро бизнесті нақты қолдауға, өңірлердің ерекшелігін ескере отырып, өндірісті дамытуға бағытталған кешенді бағдарлама таныстырылды.

«Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы әзірленді
Фото: Kazinform

Қуатты әрі бәсекеге қабілетті кәсіпкерліктің дамуы орнықты экономикалық өсімнің негізгі факторы саналады. Өздеріңізге мәлім, жуырда Мемлекет басшысы іскерлік белсенділікті ынталандыру үшін жедел түрде шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын қабылдауды тапсырды. Үкімет шағын және микро бизнесті нақты қолдауға, өңірлердің ерекшелігін ескере отырып, өндірісті дамытуға бағытталған кешенді құжатты әзірледі, — деді отырысты ашқан Үкімет басшысы Олжас Бектенов.

Ал бағдарламаны таныстырған Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, осы жыл жаңа салық-бюджет саясатының қабылдануымен ерекшеленді. Жаңа фискалдық саясатта бекітілген негізгі қағидаттар, ең алдымен, өңірлік стандарттар жүйесі арқылы өңірлер арасындағы теңсіздікті төмендетуге, сондай-ақ кәсіпкерлікті, әсіресе микро және шағын бизнесті дамытудағы теңгерімсіздіктерді азайтуға бағытталған.

— 2026 жылдан бастап фискалдық саясат бюджеттің кіріс бөлігін шамамен қосымша 4 трлн теңгеге ұлғайтуды көздейді. Бұл қосымша қаржы ресурстары Президент пен Үкіметтің тапсырмасына сәйкес, бірінші кезекте, қазақстандық бизнесті дамытуға және қолдауға бағытталатын болады. Салық базасын кеңейту қағидаты сонымен қатар бизнес субъектілерінің кірісін арттыруымен бірге жаңа фискалдық саясаттың айқындаушы элементтерінің бірі, — деді ол.

Вице-премьердің атап өтуінше, Үкімет сыртқы факторлар (логистика, күрделі халықаралық жағдай және валюталық ауытқулар сияқты), сондай-ақ ішкі факторлар (салықтық және тарифтік реформалар) ең алдымен шағын және орта кәсіпкерлікке қосымша жүктеме түсіретінін толық түсінеді.

— Осыған байланысты, биыл 5 желтоқсанда «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының лауреаттарын марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы Үкіметке жаңа Салық кодексінің жекелеген нормалары бойынша бизнес өкілдерінің өтініштерін талдауды, орынды теңгерім табуды тапсырды. Мемлекет басшысы бұл жұмысты мемлекеттік ауқымдағы міндет ретінде атап өтті. Сонымен қатар шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын жедел қабылдауды тапсырды. «Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы Мемлекет басшысының тапсырмасына жауап ретінде Аманат партиясымен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп әзірленді. Бағдарлама шағын кәсіпкерлікті, ең алдымен, ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда ауқымды дамытуға, жедел әлеуметтік-экономикалық тиімділікті қамтамасыз ететін технологиялық жағынан қарапайым, тез іске асырылатын жобаларға бағытталған. Бағдарламаның басымдығы қосылған құнның жергілікті тізбегін, орнықты өндірістік базаны және ұзақ мерзімді экономикалық әсерді қалыптастыратын ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу, шағын наубайханалар, сүт және ет жартылай фабрикаттары, тамақ өндіру, ағаш өңдеу, жиһаз цехтары және құрылыс материалдарын өндіру, қолөнер және өзге де бағыттар саналады.Бағдарламаның негізгі тәсілі — өңірлік әлеуетті және қажеттіліктерді ескере отырып, жергілікті атқарушы органдардың басым салалардың қосымша тізбесін қалыптастыру арқылы кәсіпкерлікті дамыту үшін өңірлерді ортақ жауапкершілікке тарту. Бағдарламада өңірлік экономиканың құрылымын көрсететін субсидиялау лимиттерінің екі деңгейлі жүйесі көзделеді. Бірінші деңгей — Абай, Ұлытау, Жетісу, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары үшін бюджеттің 30 пайызына дейін субсидия бөлу. Екінші деңгей — қалған өңірлерге субсидиялар бюджетінің 70 пайызына дейін бөлу. Екі деңгей бойынша қаржыландырудың қолжетімділігі кредиттің бүкіл мерзіміне негізгі борыш сомасының 80 пайызына дейін «Даму» қорының кепілдіктерін беруді қоса алғанда, субсидиялау және кепілдік беру тетіктерінің үйлесімімен қамтамасыз етіледі, — деді Серік Жұманғарин.

Соңғы жаңалықтар