СҚО әкімдігінде аймақтың өндірістік кәсіпорындарын дамыту мәселелері талқыланды

ПЕТРОПАВЛ. 25 наурыз. ҚазАқпарат /Сергей Кузнецов/ - Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләлов бейсенбі, 24 наурызда «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ басшыларымен кездесті.

СҚО әкімдігінде аймақтың өндірістік кәсіпорындарын дамыту мәселелері талқыланды

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләловтың төрағалығымен өткен жиында «Қазақстан инжиниринг» компаниясына кіретін кәсіпорындар қызметінің қорытындылары және даму перспективасы талқыланды. Кездесуге Акционерлік қоғамның президенті Болат Смағұлов, вице-президенті Вадим Шақшақбаев, аппарат басшысы Әділғазы Бергенев қатысты.

Облыста машина жасау саласында 35 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның төртеуі «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясымен басқарылады. Бұл - «Петропавл ауыр машина жасау зауыты», «ЗИКСТО», «Киров атындағы зауыт» және «Мұнаймаш». Бұл кәсіпорындар үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясындағы индустрияландыру картасын жүзеге асыруда белсенді жұмыс істеп келеді. Өндіріс ошақтарында 3 мыңға жуық адам еңбек етеді. Орташа еңбекақы 60 мың теңгені құрайды.

Кездесу барысында өңір басшысы жоғары білікті мамандардың тапшылығы өзекті болып тұрғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ биыл облыста индустрияландыру бағдарламасының жүзеге асырылуы жалғасады деп атап өтті.