СҚО әкімі драма театрына 10 млн теңгенің сертификатын табыстады

Гала-концертте облыс әкімі Ерік Сұлтанов Тәуелсіздік жылдары мәдениет саласы бюджетінің 10 есе ұлғайғанын атап өтті. Ұжымдардың материалдық-техникалық базасы жақсарып, концерттік және гастрольдік қызметті қаржыландыру көлемі өсті.
«Сіздер жас ұрпақты рухани тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосып келесіздер, облысымыздың мәдени мұрасын сақтап, көбейтудесіздер», - деді өңір басшысы. Жыл басынан бері облыстың барлық аудандарында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған байқау жүрді. Мәдениет мекемелері «Облыстың үздік музейі», «Үздік медиатека», «Үздік архив» және «Үздік ауылдық мәдениет мекемесі - 2016» номинациялары бойынша сынға түсті.
Нәтижесінде, облыс музейлері арасынан 1 орынды Ш.Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық музейі және Есіл аудандық музейі алды. Оларға облыс әкімі 500 мың теңге сертификаттарын табыстады.
Үздік медиатека бойынша Ақжар аудандық кітапханасы мен Жамбыл ауданы Жаңажол ауылының кітапханасы марпатталды. Олар 200 мың теңгелік сертификатқа ие болды. Бұл номинацияның бас жүлдесі және 300 мың теңге сертификаты Тимирязев аудандық кітапханасына берілді.
Қызылжар ауданының архиві жылдың үздік архиві деп танылды. Ерік Сұлтанов архив өкіліне жарты миллион теңге сертификатын табыс етті. Үздік ауылдық мәдениет мекемесі - 2016» номинациясында Шал ақын ауданы топ жарды. СҚО әкімі жеңімпаздарға 1,5 миллион теңгелік сертификат берді. Номинация бойынша гран-при жүлдесін Айыртау ауданы жеңіп алып, 2 миллион теңге сертификатына ие болды. Гала-концерттің шарықтау шегі мерейлі 130-театр маусымын ашқан Н.Погодин атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театрын 10 миллион теңгемен марапаттау сәті болды.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, қоғамдық өмірге белсенді қатысқаны үшін мәдениет саласының үш қызметкері облыс әкімінің мақтау қағазымен марапатталды.
СҚО мәдениет саласында 595 кәсіпорын мен ұйымдар бар. Оның ішінде - 3 театр, бір филармония, халық шығармашылығы орталығы, 12 музей, 15 мұрағат, кино-бейне қоры, 255 клуб пен мәдениет үйі, 318 кітапхана бар. Мәдениет саласында 2,5 мың адам жұмыс істейді.