СҚО әкімі: «Өз тұрғындарына қамқор болатын ПИК-терге көмек көрсететiн боламыз»
«Бейбітшілік көшесi, 154» мекенжайындағы үйдiң ауласында бюджет қаражатынан асфальт төселген. Бұл мемлекеттiк бағдарламаларға белсендi қатысып жүрген тұрғындар үшiн ерекше сый болды. 2013 жылы 9 қабатты үйдiң шатыры тұрғындардың өз қаражатына жөнделген едi. Өткен жылы «ТКШ жаңғырту» мемлекеттiк бағдарламасы бойынша барлық үйлердiң лифтiлерi (жеделсатылары) ауыстырылған.
«Қолымыздан келгенiн өз күшiмiзбен жасауға тырысамыз. Осы жылы асфальт төсеп бергендерiңiзге қуаныштымыз. Үлкен рахмет! Осы сәттi асыға күттiк», - дедi үй тұрғыны Светлана Полоницкая.
Өңiр басшысы Ерiк Сұлтанов өз тұрғындарына алаңдайтын ПИК-терге жергiлiктi билiк қолдау көрсететiнiн айтып өттi. Осы үйде жақында ғана жылу энергиясын есептейтiн құрал орнатылды. Облыс әкiмi тұрғындардың болжамды көрегендiлiгi мақтауға тұрарлық екенiн айтты.
«Егер шатырды, үйдi жылылап, жылу торабын жөндейтiн болсақ, қаражатты 40 пайызға үнемдеуге болады. Осы жұмыстарды жүргiзетiн болсақ, қаланың гидравликалық режiмiн теңгере аламыз», - деп атап өттi Ерiк Хамзаұлы.
Өңiр басшысы Интернационал көшесiндегi 18-20-үйлердiң жөндеу жұмысының сапасына көңiлi толатынын жеткiздi. 2014 жылы «ТКШ жаңғырту» бағдарламасының аясында жөндеу жұмысы жүргiзiлген болатын. Тұрғындардың ендiгi жоспары - балаларға арналған ойын алаңын жасау.