СҚО алқаптарында биыл ылғал қоры жеткілікті
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында биыл 4,4 млн га дәнді дақылдар егу жоспарланған.

СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Дәурен Тоқкужиновтың айтуынша, күзгі-қысқы кезеңде ылғалдың мол жиналуына байланысты биылғы көктемгі егіс науқаны соңғы жылдармен салыстырғанда ең қолайлы жағдайда өтпек. Қазір топырақтың бір метрлік қабатындағы ылғал қоры кей жерде 129 мм-ге жеткен, бұл орташа көпжылдық мәннен 71 мм көп.
— Президенттің ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін екі есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында жол картасы әзірленіп, Ауыл шаруашылығы министрлігі тиісті индикаторларды бекітті. Биыл 4,4 млн га, соның ішінде дәнді дақылдар — 3,3 млн га, майлы дақылдар — 760 мың га, бұл былтырғыдан 85 мың га артық, жемшөп — 392 мың га, картоп — 6,5 мың га, көкөністер — 1,3 мың га егіледі. Министрлікпен белгіленген индикаторларды орындау аясында биыл фермерлер 333,5 мың тонна минералды тыңайтқышты қолданады. Орташа норма 76 кг/га, бұл былтырмен салыстырғанда 30% артық, — дейді басқарма басшысы.
Субсидиялау және төмен пайызбен кредиттеу аграрийлерге қажетті препараттарды уақытында сатып алуға көмектеспек. Биыл мемлекеттен осы мақсатқа 3,6 млрд теңге бағытталған.
— Осы жылы облыс бойынша 11,2% тұқым жаңартылады, бұл — 52,6 мың тонна. Техника қазір 97% дайын. Биыл аграрийлер 12,1 млрд теңгеге 365 техника сатып алды. Көктемгі дала жұмыстарын атқару үшін облысқа 58 мың тонна дизель отыны қажет. Бұл мақсатқа мемлекеттік қолдау ретінде литріне 254 теңгеден 52,2 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді, — дейді Дәурен Тоқкужинов.
Маманның айтуынша, биылғы жылы егіншілікті субсидиялауға жалпы 36,8 млрд теңге бөлінген, оның ішінде тыңайтқыштарға — 23 млрд теңге, пестицидтерге — 11,6 млрд теңге, тұқымдарға — 1,9 млрд теңге, басымдық берілген дақылдарға — 0,3 млн теңге.
Бұған дейін CҚО-да былтыр жоспарланған, бірақ іске асырылмаған жобалар жайлы жазған едік.