СҚО Бескөлдегі бала бір жыл бойы ойын алаңын жөндеткізе алмай жүр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауылының кішкентай тұрғыны Ильдар Мұхамедшин әкесі Ринатпен бірге елді мекендегі бірқатар мәселені көтеріп жүр. 

СҚО Бескөлдегі бала бір жыл бойы ойын алаңын жөндеткізе алмай жүр
Фото: Ринат Мұхамедшин

Ильдардың әлеуметтік желідегі парақшасынан жергілікті әкімдіктен ойын алаңын жөндеп беруді сұраған бейнероликтерін көруге болады. Ильдардың айтуынша, мұндағы әткеншектер сынған, кейбірі қауіпті жағдайда тұр. Сыры түсіп, енді бірі құлауға шақ.

Ильдардың жасы сегізде. Бескөлдегі № 3 мектепте қазақ сыныбында оқиды. Әкесі Ринаттың айтуынша, отбасы ауылға осыдан 3 жыл бұрын көшіп келген. Қастарындағы ойын алаңының жағдайы көңілден шықпай, жергілікті әкімдіктен жөндеп беруді өтінген.

— Жауап болмағаннан кейін былтырдан eOtinish арқылы сұрау сала бастадық. Амалсыздан келеді, бірдеңе істегендей болады.

Шаруашылық тәсіл деген бар оларда, яғни біреуді жіберіп, қолда бар материалмен жұмысты істетеді. Бірақ жүрдім-бардым істегендіктен, онысы бір айға жетер-жетпес қайта бұзылады.

Биыл тамыз айында «Таза Қазақстан» акциясын өткізді. Шала-шарпы сырлағандай болды. Айналасының шөбін шапты. Бірақ, бұл олардың міндеті ғой, ешқандай акциясыз-ақ. Ойын алаңындағы дәретхананы жөндемеді, есігі сол қалпы құлайын деп тұр. Қоқыс тастайтын ыдыс жаз бойы жөнделмеді, — дейді Ринат Мұхамедшин.

Ауыл тұрғынының айтуынша, былтыр оның ұйымдастыруымен балалар ойын алаңында сенбілік өткізген.

— Қаптарды, қолғаптарды сатып әкеліп, балалармен бірге жинап шықтық. Тағы да ұйымдастыра аламыз, қажет болса, бірақ әкімдік те біздің мәселелерімізге көңіл бөлсе дейміз.

Бір жауаптары бар «қаржы жоқ» деген. eOtinish арқылы келген жауаптарында соңғы үш жыл бойы бұл мақсатқа қаржы бөлінбеген.

Сол себепті біз өзіміз «баға ұсынысын» жасадық. Ойын алаңын жасайтын алматылық компанияны да таптық. Бәрі дайын тұр. Жаңасын салуға 30 млн теңге керек. Аудан бюджеті үшін бұл түк емес қой, — дейді ауыл тұрғыны.

Ринат Мұхамедшиннің айтуынша, Бескөл ауылы бойынша балалардың бес ойын алаңы бар. Бірақ біреуі де талапқа сай келмейді.

Бұған дейін СҚО-да түлкі кешқұрым мектептен келе жатқан балаға шапқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар