СҚО-да 1 млн. доллар көлеміндегі контрабандалық тауар салынған екі вагон ұсталды

ПЕТРОПАВЛ. 8 қыркүйек. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында экономикалық контрабанда  күдігімен бір миллион долларға жуық сомаға тауарлар салынған екі вагон ұсталды.

СҚО-да 1 млн. доллар көлеміндегі контрабандалық тауар салынған екі вагон ұсталды

СҚО көліктік прокуроры Нұрболат Қатуовтың айтуынша, бұл вагондар Қытайдан келген. Комиссиялық қарау барысында тауардың тауармен тиісті құжаттарға және кедендік декларацияға сәйкес келмейтіні анықталды. Халықтық тұтыну тауарлары Қытайдан Көкшетаудағы шаруашылық субъектілерінің біріне жіберілген.

Құжаттарға сәйкес, бұл вагондарда гипс бұйымдары болуы керек. Алайда, қарау кезінде мобильдік топқа кірген көліктік прокурорлар мен басқа құқық қорғау органдарының өкілдері халықтық тұтыну тауарларының 133 атауын алып шықты: негізінен балалар киімдері, кеудешелер, джинсы киімдері, костюмдер болды.

Алынған тауарлардың жалпы құны бір миллион АҚШ долларға жуық соманы құрайды. Тәркіленген тауарлар мемлекет меншігіне алынады.

Аталған фактімен 209 баптың 2 бөліміндегі «Г» тармақшасы - аса ірі көлемдегі экономикалық контрабанда бойынша қылмыстық іс тіркелді. Бұл бапқа сәйкес мүлікті тәркілеумен бірге бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Жыл басынан бері бұл осындай ірі көлемдегі экономикалық контрабанданың бірінші фактісі болып табылады.