СҚО-да 14 мыңнан астам оқушы жазда тегін демалады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жазғы сауықтыру лагерьлері биыл 8 маусымда балаларды қабылдай бастамақ.
СҚО Білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанованың айтуынша, өңірге қарасты 10 лагерь бар, оның 7-еуі мемлекеттік, ал үшеуі - сенімгерлік басқаруға берілген. Сонымен қатар Айыртау ауданындағы үш демалыс орны - Ақмола облысының қарамағындағы «Сокол», «Чайка» және Туризм және спорт министрлігінің балансындағы «Олимпиец» лагерьлері де жұмыс істейді.
- Лагерьлерді қабылдау жұмыстары 31 мамырға дейін аяқталады. 8 маусымда жұмысты бастаймыз деп жоспарладық. Ол үшін орташа тәуліктік ауа температурасы бес күн қатарынан +16 градустан төмен болмауы тиіс. Мемлекеттік лагерьлердегі жолдамалардың орташа құны 35 мыңнан 65 мың теңгеге дейін жетеді, - дейді Айнагүл Сұрағанова.
Басқарма басшысының айтуынша, облыста әлеуметтік осал топқа жататын 14 мыңнан астам мектеп оқушысы бар. Олардың барлығы демалыспен тегін қамтылады.
- Жолдамаға 100 млн теңге жергілікті бюджеттен, 45,6 млн теңге демеушілер есебінен, 5,4 млн теңге кәсіподақ ұйымдарынан бөлінді. 1 маусымнан бастап облыста мектеп жанындағы 202 алаң жұмысын бастайды. Онда 24 мыңнан астам оқушы демалады. Сондай-ақ бейіндік алаңдар, шатырлы лагерьлер және киіз үй лагерьлері ұйымдастырылады, - дейді Айнагүл Сұрағанова.
Балаларға қауіпсіз әрі жайлы демалыс ұйымдастыру үшін лагерьлерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл бұл мақсатқа 235 млн теңге бөлінген. Қазіргі уақытта «Аютас», «Родник» және «Серебряный бор» лагерьлеріндегі жөндеу толық аяқталған.
Бұдан бөлек «Балдаурен» республикалық орталығында 126 бала демалады. Оның ішінде 13 ауыл баласы «QH Жаздық жолдама» жобасы арқылы барады.
Ал «Бөбек» орталығына 20 бала жолдама алады. Сонымен бірге Уәлиханов ауданынан 100 оқушы Ақмола облысындағы «Чайка» лагеріне жіберіледі.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, әзірге балалардың демалыс лагерьлерінің екеуі ғана рұқсат құжатты алды.
Бұған дейін балалар лагерьлеріне бірыңғай талап енгізілгенін жазған едік.