СҚО-да 150 дәрігердің орны бос тұр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында медициналық кадр тапшылығы мәселесін шешу мақсатында жергілікті университет медициналық факультетте стоматологтарды да даярлап шығармақ.

дәрігер-репродуктолог Ислам Ерғалиев
Фото: Ислам Ерғалиевтің жеке мұрағатынан

Қозыбаев университеті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір өңірде шамамен 150 дәрігер жетіспейді. Осыған байланысты соңғы уақытта облыста медициналық университет ашу туралы бастама жиі көтеріліп жүр. Алайда салаға қажетті мамандар даярлау ісі өңірде бұған дейін де жүргізіліп келген.

Жергілікті жоғары оқу орнында 2018 жылы медициналық факультет ашылды. Бірақ лицензиялық талаптардың өзгеруіне байланысты соңғы үш жылда талапкерлерді қабылдау тоқтатылды. Бүгінде қажетті лицензиялар жаңартылып, жаңа оқу жылына студенттерді қайта қабылдау жоспарланып отыр.

Университеттің Басқарма төрағасы Ербол Исақаевтың айтуынша, облыстық денсаулық сақтау басқармасымен меморандум жасалып, 15 клиникалық тәжірибе базасымен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ медициналық факультет заманауи материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген. Студенттердің тәжірибелік дайындығын күшейту мақсатында UniMed студенттік емханасы қайта құрылып, медициналық қызмет көрсетуге бейімделу үстінде. Бұл емхана да болашақ дәрігерлер мен интерндер үшін қосымша тәжірибе алаңына айналады.

Қозыбаев университетінде бакалавриат бойынша «Жалпы медицина», «Фармация» және «Медицина» білім беру бағдарламалары бар. Магистратура мен резидентура да қарастырылған. Кадр тапшылығын ескере отырып, биылдан «Стоматология» бағытын ашу жоспарланып отыр. Бұл бакалавриат пен интернатура деңгейлерін қамтиды. Жаңа оқу жылында Үндістан, Қытай, Сирия, Иордания, Бангладеш, Өзбекстан және Ресейден шетелдік студенттерді қабылдау көзделген.
Биыл оқу орнын 98 студент тәмамдайды. Оның 44-і бейіндік интернатура түлектері болса, 6 студент «Фармация» бағыты бойынша бітіреді. Қалғандары «Медицина» бағдарламасының түлектері. Университет мәліметінше, барлық бітірушілер болашақ жұмыс орындарымен қамтылған.

Бұған дейін екі жылда дәрігер тапшылығы 20% қысқарғанын жазған едік.