СҚО-да 21 мыңнан астам тұрғынның төленбеген айыппұлы бар

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 250 мыңға жуық құқықбұзушылық тіркелді.

СҚО-да 21 мыңнан астам тұрғынның төленбеген айыппұлы бар
Фото: СҚО ПД

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір тұрғындарының ішінде 21 мыңнан астам адамның әкімшілік құқық бұзушылық үшін салынған айыппұлы өтелмеген. Қазір полицейлер берешекті өндіріп алу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.

15-17 қыркүйек аралығында облыста төленбеген әкімшілік айыппұлдарды өндіру мақсатында «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Оның аясында полицейлер борышкерлерді анықтап, айыппұлдарды өтеу қажеттігін түсіндіреді. Іс-шараның алғашқы күнінде СҚО тұрғындарының 574-і айыппұлын өтеген.

Полицияның мәліметінше, жол қозғалысы ережесін бұзу — әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатын құқық бұзушылықтардың бірі. Әсіресе жылдамдықты шамадан тыс арттыру жол-көлік оқиғаларына себеп болып, адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Биыл 115 мыңнан астам жүргізуші белгіленген жылдамдықты асырғаны үшін жазаланған.

Тәртіп сақшылары құқық бұзушылық үшін жауапкершіліктің барлығын еске салады. Сонымен қатар заңнамаға сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылық жасалғаннан кейін айыппұлды бір апта ішінде 50% мөлшерінде төлеуге мүмкіндік бар.

Бұған дейін ақтөбелік борышкерлердің алимент қарызы 12 млрд теңгеден асқанын жазған едік.