СҚО-да 300-ге жуық өзен-көлдердің су қорғау аймақтары әлі белгіленбеген
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында алдағы екі жылда 102 су айдынының маңында су қорғау аймақтары мен жолақтарын белгілеу жоспарланған.
Бұл су көздерін ластанудан қорғап, олардың маңындағы шаруашылық қызметке қойылатын талаптарды нақтылауға мүмкіндік береді.
Есіл бассейндік су инспекциясының мәліметінше, облыста барлығы 595 елді мекен бар. Оның 329-ының маңында 340 өзен-көл орналасқан. Олардың жалпы жағалау ұзындығы — 654,87 км.
Қазір 198 елді мекен аумағындағы 299 су нысанының айналасында су қорғау аймақтары мен жолақтары толық белгіленбеген.
Мамандардың айтуынша, мұндай аймақтарды белгілеу ең алдымен су нысандары орналасқан елді мекендер үшін маңызды. Себебі суға жақын аумақта қандай жұмыстар жүргізуге болатыны, қандай қызмет түрлеріне шектеу қойылатыны нақты анықталады.
— Облыста бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, 266 елді мекенде орналасқан 56 су айдыны бойынша су объектілерін шаруашылық мақсатта пайдалану режимін белгілеуге арналған жобалар мемлекеттік сараптамадан өткен. Тағы 11 су нысаны бойынша жобалар әзірленіп жатыр, — дейді дейді Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі Есіл бассейндік су инспекциясы басшысының орынбасары Гүлден Исмағұлова.
Бұл жұмыстарды қаржыландыруға 2026-2027 жылдарға жалпы 665 млн 160 мың теңге қарастырылған. Оның ішінде келесі жылы тағы 51 су нысаны бойынша жобаларды әзірлеуге 332 млн 580 мың теңге бөлу жоспарланған.
Бұған дейін Есіл бассейнінде су заңнамасын бұзғандарға 12 млн теңгеге жуық айыппұл салынғанын жазған едік.