СҚО-да 35 шақырымдық республикалық автожол жөнделіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында «Көкшетау — Кішкенекөл — Бидайық — РФ шекарасы» республикалық маңызы бар автожолында орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жөндеу жұмыстары автожолдың 50-85 шақырым аралығын қамтиды. Жаңартылып жатқан жол учаскесінің жалпы ұзындығы 35 шақырымды құрайды.
Жоба аясында жол жабынын қалпына келтіру және сапасын арттыру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды.
— 209 мың шаршы метр аумақта қолданыстағы асфальтбетон жамылғысы жонылды. 35,5 мың шаршы метр жерде жол негізіндегі ақаулар жойылды. Сонымен қатар 191,5 мың шаршы метр асфальтбетон жабыны жаңа материал қосу арқылы суық жону әдісімен өңделді, — деп хабарлады ҚазАвтоЖолдан.
Бұдан бөлек, 178 мың шаршы метр аумақта ірі түйіршікті асфальтбетон қоспасынан төменгі қабат, 83 мың шаршы метр аумақта майда түйіршікті асфальтбетон қоспасынан үстіңгі қабат төселді.
Мамандардың айтуынша, орташа жөндеу жұмыстары жолдың техникалық-пайдалану көрсеткіштерін жақсартып, жүргізушілер үшін қауіпсіз әрі қолайлы қозғалыс жағдайын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстанда Рахман қайнарына апаратын жол жөнделіп жатыр.