СҚО-да қайтыс болғаннан кейін донор болуға 350-ге жуық адам келісім берді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында 348 тұрғын мәйіттік донорлыққа келісім берсе, шамамен 1,5 мың адам донорлықтан бас тартқан.
Мамандар халықты орган донорлығы туралы ақпараттандыруды маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырып отыр.
СҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазір облыста ағза трансплантациясын қажет ететін 102 пациент күту парағында тұр. Олардың 101-і — ересек адам, біреуі — бала. Пациенттердің басым бөлігіне бүйрек трансплантациясы қажет.
— 102 адамның 87-сіне бүйрек, 11-іне, оның ішінде балаға бауыр, 2-еуіне жүрек, 1-еуіне өкпе трансплантациясы керек. Тағы бір пациентке «жүрек–өкпе» кешенін трансплантациялау қажет. Ағзаны ауыстыру көптеген пациент үшін өмірін сақтап қалудың және өмір сүру сапасын жақсартудың жалғыз мүмкіндігі болып отыр. Алайда қажетті ағзаны олар жылдап күтуі мүмкін. Бұл ең алдымен сәйкес келетін донордың пайда болуына, медициналық көрсеткіштерге және донор мен реципиенттің үйлесімділігіне байланысты, — дейді СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұриля Қасенова.
Мамандардың айтуынша, 2025 жылы өңірде екі мәйіттік донор тіркеліп, олардың туған-туыстары ағзаларды трансплантациялауға келісім берген. Нәтижесінде донорлық ағзалар жеті реципиентке трансплантацияланды. Биыл көктемде СҚО-лық донор үш пациенттің өмірін сақтап қалды.
Сонымен қатар өңірде туысының сырқатқа донор болып, ағза трансплантациялау мүмкіндігі де пайдаланылады. Ол тиісті медициналық көрсетілімдер болған және талаптарға сәйкес келетін донор анықталған жағдайда жүзеге асырылады. Мәселен, соңғы үш жылда осындай 6 әлеуетті донор анықталды. Алайда сырқат туыстары қайтыс болғаннан кейін олар донорлықтан бас тартқан.
— Донорлық ағза күту парағындағы пациенттер арасында кездейсоқ бөлінбейді. Органды трансплантациялауда медициналық көрсеткіштер, донор мен реципиенттің үйлесімділігі, пациенттің денсаулық жағдайы және басқа да белгіленген критерийлер ескеріледі. Медициналық тұрғыдан сәйкес келетін пациентке басымдық беріледі, — дейді Нұриля Қасенова.
Мамандардың айтуынша, қайтыс болған адамның мүшесін алу үшін туыстарынан рұқсат алу қажет. Бірақ, қазіргі таңда тұрғындар ағза доноры болғысы келсе, «Egov» порталы арқылы өтініш бере алады.
Бұған дейін Қазақстанда донорлық ағзаға мұқтаж 4 739 адам, оның ішінде 125 бала трансплантация кезегінде тұрғанын хабарлаған едік.
Сондай-ақ Астанада бір донор үш науқасқа өмір сыйлағаны туралы да жаздық