СҚО-да 4,7 млрд теңгенің 12 жобасы іске қосылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015-2019 жылдарға арналған Индустрияландыру картасы аясында Солтүстік Қазақстан облысында биыл жалпы құны 7,4 млрд теңгені құрайтын 16 жоба іске қосылып, 487 жаңа жұмыс орны ашылуы тиіс.
None
None

Ағымдағы жылдың 8 айында сол 16 жобаның 12-сі жүзеге асты. Сонымен қатар, солтүстікқазақстандықтар үшін жаңа 370 жаңа жұмыс орны ашылып отыр.

Индустрияландыру картасы аясында өңірде жүзеге асқан ең ірі жоба - «Қазтехмаш» көлік құрастыру зауыты. Аталған кәсіпорын ауылшаруашылық, тасымалдау және байланыс техникаларын шығарумен айналысады. Бүгінгі таңда зауыт дәнді дақылды оруға арналған 16 «Sampo Asia SR 3085» комбайнын жасап, сатылымға шығарған. Сондай-ақ, 59 дана өзге де ауылщаруашылық саласына қажетті техникалар конвейерден нарыққа жол тартты. Аталған өнімдер Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарының егістік алқаптарында сынақтан өткізілген.

Ағымдағы жылдың соңына дейін Аққайын ауданында қуаттылығы жылына 120 мың тоннаны құрайтын элеватор кешенін іске қосу көзделіп отыр. Сонымен қатар, Тайынша ауданында жылына 480 тонна сүт пен сүт өнімдерін өндіре алатын кәсіпорын, жүгері қауызы мен құрғақ тағамдар жасайтын кәсіпорын, Петропавл қаласында тұрғын үйдің темір-бетон қаңқасын жасайтын зауыт салу жоспарлануда.

Айта кету керек, бұған дейін тамыз айының соңында Айыртау ауданында ағаштан жоғарыкөміртекті көмір шығаратын цех іске қосылған болатын. Аталған өнім қара және түсті металдарды балқытуда кеңінен қолданылады және елімізде үлкен сұранысқа ие. Кәсіпорын толық қуатымен жұмыс істейтін болса жылына 300 тонна көмір шығарады. Цех экологиялық тұрғыдан таза және қалдықсыз жұмыс істейді. Жобаның жалпы құны 450 миллион теңгені құрап отыр. Мұнда қазір 80-ге жуық маман жұмыс істеуде.

Сонымен қатар, индустрияландыру бағдарламасы аясында Мүсірепов ауданында шағын элеватор өз жұмысын бастады. Орталық 5 мың тонна астық сақтауға лайықталған. Кептіру бөлігі сағатына 22 тонна дақылды өңдеуге қауқарлы. Элеватор соңғы технологиялармен жабдықталған, жұмыстың барлығына жуығы компьютер арқылы жүзеге асырылады.

Дәл қазіргі орым науқанының алдында мұндай элеватордың ашылуы солтүстікқазақстандық диқандар үшін үлкен сый. Өйткені, астық бітік шыққанда оны сақтайтын орын болмай жатады. Осыдан бірер жыл бұрын дәл осындай элеваторлардың жетіспеушілігінен облыс аумағында ондаған тонна астық шіріп кеткен болатын.

Жалпы, 2015-2019 жылдарға арналған Индустрияландыру картасы аясында Солтүстік Қазақстан облысында 28,6 миллиард теңгені құрайтын 41 жоба жүзеге асатын болады. Оның аясында 2 мыңнан астам солтүстікқазақстандық тұрғын жұмыспен қамтылады. Өңірде алғаш рет химия, мұнай-химия және металлургия салалары бойынша кәсіпорындар іске қосылады деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар