СҚО-да 4 жаңа эко-парк ашылады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысында жалпы аумағы 97,4 гектарды алатын төрт жаңа эко-парк пайдалануға беріледі.
СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, жаңа эко-парктерді құрудағы мақсат - тұрғындар үшін қолжетімді, заманауи әрі жайлы демалыс орындарын көбейту.
Облыс орталығы Петропавл қаласының айналасында үш эко-парк ашу жоспарланған. Олардың жалпы аумағы 95,1 гектар болмақ.
Соның бірі – Пестрое көлінің маңында салынып жатқан Триатлон паркі. Оның аумағы 41 гектар шамасында. Бұл парк барлық жастағы тұрғындарға қолайлы инклюзивті демалыс аймағы ретінде жобаланған. Нәтижесінде жағажай аймағы жаңғыртылады, суға қауіпсіз түсуге арналған пирс салынады. Жаяу жүргіншілер жолдары мен жағалау аллеялары жасалады, вело және жүгіру жолақтары пайда болып, спорт алаңдары құрылады. Сондай-ақ қоғамдық іс-шаралар өтетін орындар да қарастырылады.
Тағы бір ерекшелігі - балалар үшін экологиялық қауіпсіз, табиғи материалдардан жасалған ойын алаңдары орнатылады. Сонымен қатар, жасыл желек жергілікті климатқа бейімделіп отырғызылып, бұрыннан бар ағаштар сақталады. Қазір нысанда жұмыс қызған. Триатлон парк биыл пайдалануға берілмекші.
Тағы бір маңызды жоба — «GREEN PARK» отбасылық демалыс паркі. Оның аумағы 39,6 гектарды алмақ. Бұл парк жыл бойы жұмыс істейтін көпфункционалды демалыс орнына айналмақ. Мұнда: қонақ үйлер мен коттедждер; бассейн және аквапарк; балалар ойын алаңдары; беседкалар мен демалыс аймақтары; монша кешендері мен мейрамхана және шағын зообақ орналастыру жоспарланған. Жоба 2027 жылы іске қосылады.
Қала маңында орналасқан эко-парктердің үшіншісі - «Волна» демалыс базасы. Ол Петропавлдан 12 шақырым жерде, Вороний аралында орналасқан. Аумағы -14,5 гектар.
Бұрынғы балалар лагерінде жоба аясында ғимараттар жаңғыртылады. Жаңа СПА кешендері мен санаторий салынбақ. Әртүрлі типтегі қонақ үйлер пайда болады; спорт және ойын аймақтары құрылады; мейрамхана мен демалыс орындары дамытылады. Бұл жоба да толық қуатында келесі жылы іске қосылмақшы.
Төртінші эко-парк Айыртау ауданындағы Имантау-Шалқар курорттық аймағында, «Глэмпинг №1» базасы негізінде салынбақ.
Мұнда А-frame стиліндегі демалыс үйлері, бөшке моншалар, дәмханалар, беседкалар, пирс және қайық станциясы салынады. Қонақтар әсем табиғат аясында қаланың шуынан демалуға мүмкіндік алады. Жоба биыл іске қосылмақ.
Бұған дейін СҚО-ның киелі орындары топографиялық картаға топтастырылғанын жазған едік.