СҚО-да 5 қарашада аудан әкімдерінің сайлауы өтеді
СҚО-да аудан әкімдеріне кандидаттарды ұсыну аяқталды, бір орынға төрт үміткер барСолтүстік Қазақстан облысындағы Есіл, Мамлют және Тимирязев аудандарының әкімдерін сайлау 5 қарашаға бекітілді. Үш сайлау округі бойынша 12 кандидат бар, оның жартысы өзін-өзі ұсынғандар, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО сайлау комиссиясының мәліметінше, 5 қазанда кандидаттарды ұсыну мерзімі аяқталды. Үш сайлау округі бойынша 12 кандидат бар, оның үшеуі – "AMANAT", тағы үшеуі ҚХП-дан және қалғаны өзін-өзі ұсынғандар.
12 кандидаттың біреуі әйел. Аудан әкіміне үміткерлердің орташа жасы 50-де, ең жасы 32-де болса, ең егдесі – 61-де.
Ұсынылған кандидаттардың 10-ы - мемлекеттік қызметші, екеуі бюджеттік мекемелердің қызметкері. 10 мемлекеттік қызметшінің ішінде: біреуі аудан әкімі, екеуі аудан әкімінің орынбасары, алтауы ауылдық округ әкімі.
Бүгінде 11 кандидаттың сәйкестігі анықталды, 1 кандидат мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың талаптарына сәйкес келмейді.
Кандидаттарды тіркеу 10 қазанда аяқталады.
2023 жылғы 1 шілдедегі ақпарат бойынша осы үш аудандағы 113 елді мекенде 36 мыңнан астам сайлаушы бар. Жалпы тұрғындардың саны 48 403 адам.
Бұл сайлау кампаниясында облыстық сайлау комиссиясы, 3 аудандық аумақтық сайлау комиссиясы мен 84 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Учаскелік сайлау комиссияларының 440 мүшесі бар.