СҚО-да 99 жасқа келген майдангер Василий Макиенкоға құрмет көрсетілді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Өңірде көзі тірі үш майдангер қалса, соның бірі - Василий Макиенко бүгін 99 жасқа толды.  

СҚО-да 99 жасқа келген майдангер Василий Макиенкоға құрмет көрсетілді
Фото: ҚР ҰҰА баспасөз қызметі

Туған күніне орай ардагер бүгін құттықтауларды қабылдап жатыр. Қонақтардың ішінде Петропавл әкімі Серік Мұхамедиев те бар. Майдангерге естелік сыйлықтар табыстап, соғыс кезіндегі және елді соғыстан кейінгі дамытудағы ерен еңбегі үшін алғыс айтты.

Василий Макиенко тұратын үйдің ауласында ҚР Ұлттық ұланы академиясының өкілдері және әскери оркестр ардагерге құрмет көрсетті.

ҚР ҰҰА баспасөз қызметі
Фото: ҚР ҰҰА баспасөз қызметі
СҚО-да 99 жасқа келген майдангердің құрметіне аулада әскери оркестр ойнады
Фото: ҚР ҰҰА баспасөз қызметі

Василий Васильевич 1926 жылы 24 қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысы Волошинка ауылында дүниеге келген. 1943 жылы ол 17 жасында Қазан ауданының әскери комиссариаты арқылы майданға шақырылды. Ардагердің әскери жолы 44-ші атқыштар полкінде басталып, кейін 142-ші атқыштар және 317-ші гвардиялық атқыштар полкінде қызмет етті.

– Біздің әскер Кенигсбергке дейін жетті. 9 мамыр күні кірдік. Кейін біздің әскери бөлімді Белорусь жеріне, Полоцк қаласына жіберді. 250 бас малды аман-есен жеткізуіміз керек болды. Сол кезде Витебск қаласында десанттық әскер жасақталып жатқан болатын, мен сонда баруға ниет білдірдім, - деп еске алады ол.

Василий Макиенко соғыстан кейін бес жыл әуе-десанттық әскерде болып, 75 рет парашютпен секіреді. Еңбегі еленіп, ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, сондай-ақ «Кенигсбергті алғаны үшін» және «Германияны жеңгені үшін» және басқа да орден-медальдармен марапатталды.

Бұған дейін елімізде Отан соғысының 120 ардагері қалғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар