СҚО-да АИТВ жұқтырғандардың 90%-ы антиретровирустық терапия қабылдайды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында қазіргі уақытта адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған 1400 сырқат есепке алынған.

Қаржы тапшылығы АИТВ мен ЖИТС жұқтырған миллиондаған өмірге қауіп төндіріп отыр
Фото: pexels.com

Облыстық АИТВ инфекциясының профилактикасы жөніндегі орталық директоры Мамадияр Байғұловтың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда антиретровирустық терапияны алатындар саны тағы 3% өсті. Тұрақты ем сырқаттардың өмір сүру сапасы мен ұзақтығын жақсартып қана қоймайды, сонымен қатар вирустың таралуына жол бермейді.

— Антиретровирустық терапия — бұл организмдегі вирусты басуға және иммундық жүйені қалпына келтіруге бағытталған ем. АИТВ жұқтырғандар оны өмір бойы алып, препараттарды күнделікті қабылдауы керек. Нәтижесінде денсаулықты, еңбекке қабілеттілікті сақтап, өмірге дені сау баланы әкелу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар АИТВ-ның таралуын төмендетуде бұл ем маңызды рөл атқарады: адам ағзасындағы вирустық жүктеме аз болған кезде вирустың басқа адамдарға берілу қаупі іс жүзінде жойылады, — дейді Мамадияр Байғұлов.

Сол себепті мамандар АИТВ-ның алдын алу бойынша ғана емес, қауіпті вирусты жұқтырғандарды антиретровирустық терапиямен барынша қамту бойынша да жұмысты қолға алған.

— 1 желтоқсанда бүкіл әлемде ЖИТС-пен күрес күні атап өтіледі. Осыған орай 10 желтоқсанға дейін бүкіләлемдік ЖИТС-ке қарсы күрес науқаны өтіп жатыр. Биыл ол «Қиындықтардан АИТВ-ға қарсы іс-қимылға» деген атаумен ұйымдастырылған. Іс-шараның мақсаты — қол жеткізген жетістікті сақтау және АИТВ-ға қарсы тиімді шараларды дамытуға бағытталған елдер мен қауымдастықтардың күш-жігерінің маңыздылығын атап көрсету, — дейді Мамадияр Байғұлов.

Бұған дейін СҚО-да АИТВ жұқтырған аналар 44 баланы дүниеге әкелгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар