Су мәселесі: Қазақстан-Өзбекстан үкіметаралық комиссиясы құрылады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң мақұлданды.

Мәжіліс
Фото: ҚР Парламенті Мәжілісі

Келісімге 2025 жылғы 15 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапары аясында қол қойылды.

Келісімнің мақсаты - трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану.

- Бұл су объектілері Қызылорда және Түркістан облыстары халқын сумен қамтамасыз етуде, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен энергетика салаларын дамытуда маңызды рөл атқарады. Бір маңызды мәселеге ерекше тоқталғым келеді. Келісімнің үшінші бабында алғаш рет екіжақты деңгейде Сырдария өзені бассейнінің су ресурстарын кешенді пайдалану және қорғау схемалары ресми түрде енгізіліп, екі тарап үшін міндетті негіз ретінде бекітілді. Аталған схемалар Кеңес Одағы кезеңінде әзірленген және 1992 жылдан бері Орталық Азия мемлекеттерінің барлығы оларды су бөлудің негізгі құжаты ретінде мойындап келеді. Бұған дейін тараптар осы қағидаттарды жалпы түрде қолдайтынын ғана растап келсе, енді олар келісімде нақты бекітіліп отыр. Бұл өте маңызды қадам, өйткені су бөлу жүйесі қосымша құқықтық қорғанысқа ие болады және оны біржақты тәртіппен қайта қарау мүмкіндігі шектеледі, - деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.

Одан бөлек Келісімнің преамбуласында тараптар 1992 жылғы Трансшекаралық су ағындары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану конвенциясы және 1997 жылғы Халықаралық су жолдарын шаруашылықтан тыс пайдалану құқығы туралы екі негізгі халықаралық конвенция аясындағы міндеттемелерді растайды. Бұл конвенциялар трансшекаралық су ынтымақтастығының жалпыға бірдей танылған қағидаттарын белгілейді. Атап айтқанда, трансшекаралық зиян келтіруге жол бермеу, су ресурстарын әділ және ұтымды пайдалану, ақпарат алмасу және екінші тарапқа әсер етуі мүмкін кез келген қызметті жоспарлау кезінде міндетті консультациялар жүргізуді көздейді.

- Өзбекстан бұл конвенцияларға мүше елдердің қатарында. Келісімнің 4-бабына сәйкес тараптар нақты уақыт режимінде ақпарат алмасуға мүмкіндік беретін суды есепке алудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесін енгізеді. Бұл су пайдалану көлеміне қатысты келіспеушіліктердің алдын алуға мүмкіндік береді. Келісімде инфрақұрылымды реконструкциялау мен жаңғыртуды бірлесіп қаржыландыру, шекара маңындағы аумақтардағы коллекторлық-дренаждық жүйелерді күтіп ұстау, төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарды үйлестіру, сондай-ақ мемлекетаралық объектілерге қызмет көрсететін персонал мен техниканың шекарадан өту тәртібін жеңілдету мәселелері де көзделген. Сонымен қатар Келісімді тиімді іске асыру мақсатында Қазақстан-Өзбекстан үкіметаралық комиссиясы құрылады. Комиссия жылына екі рет екі ел аумағында кезекпен отырыс өткізеді. Оның аясында вегетациялық және вегетацияаралық кезеңдерге арналған су ресурстарының жыл сайынғы болжамдары келісіледі, су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану және жөндеу мәселелері қаралады. Келісім бес жыл мерзімге жасалады және кейін автоматты түрде ұзартылады, - деді вице-министр.

Бұған дейін хабарланғандай, екі ел арасында трансшекаралық су ресурстарын басқару бойынша ортақ тәсілдер әзірленгенін жазған едік.