СҚО-да әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры қызметкерлерінен пара алып келген
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавл қалалық соты Преснов әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Қ.А.-ға және осы мекеменің психиатры Қ.М-ға қатысты үкім шығарды.

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының мәліметінше, орталық директоры Қ.А. жалпы қамқорлығы үшін пара алған, ал осындағы психиатр Қ.М. пара алу және пара беруде делдалдық жасаған.
Сотқа дейінгі тергеу барысында невропатолог К.-дан жалпы сомасы 1 814 000 теңге; психиатр Қ.М.-дан жалпы сомасы 1 041 000 теңге; психиатр Б.-дан жалпы сомасы 1 265 000 теңге ақша түрінде пара алған, ал оның 672 000 теңгесін Қ.М. делдалдық үшін алып қалған.
Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен және істің жазбаша материалдарымен дәлелденгенімен, айыпталушылар тағылған айыпты мойындамады.
Сот Қ.А., Қ.М.-ның жауапкершілігі мен жазасын ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ.
Алайда Қ.А.-да жас баласының болуын, оның денсаулығының жай-күйін, келтірілген зиянды өз еркімен өтеуін жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде қарады.
Сот үкімімен Қ.А. 5 жылға, ал Қ.М. 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздіктегі мекемесінде өткереді. Сондай-ақ сотталғандар өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылды.
Бұған дейін СҚО-да үш адамды өлтірді деп айыпталған күдіктіні алқабилер ақтап алғанын жазған едік.