СҚО-да аптап ыстық: ауа температурасы көпжылдық нормадан 5 градусқа жоғары
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында жарты айдан бері аптап ыстық тұр.
Бүгін Петропавлда сынап бағанасы 34 градусқа дейін көтерілді. Маусым айындағы аптап ыстық өңірге тән емес. «Қазгидромет» кәсіпорны облыстық филиалының мәліметінше, соңғы рет мұндай ауа райы 1989 және 2015 жылдары тіркелген.
Синоптиктердің айтуынша, қазір облыс аумағына Орта Азия мен Орталық Қазақстанның шөлді аймақтарынан келген құрғақ әрі қатты қызған тропикалық ауа массалары әсер етіп жатыр. Сонымен қатар, кей жағдайда өңірдегі салқын әрі құрғақ ауа массалары жер бетінің қызуынан тез жылып, ылғалын жоғалтады. Салдарынан қуаңшылықтың күшеюіне және аңызақ желдердің пайда болуына ықпал етеді.
— Биылғы маусым айының басты ерекшелігі — ұзаққа созылған аптап ыстық. Ай басталғалы облыстағы ауа температурасы көпжылдық орташа көрсеткіштерден 3–5 градусқа жоғары тіркелді. Өңір бойынша орташа ауа температурасы +20…+23°С шамасында болды. Күндіз термометр бағандары +28…+33°С-қа дейін көтерілсе, облыстың шығыс және оңтүстік-шығыс бөліктерінде +35…+36°С-қа дейін жетті, — дейді мамандар.
Синоптиктердің болжамынша, шілдеде де өңірде ыстық ауа райы сақталады. Айлық орташа ауа температурасы +19…+21°С болмақ. Бұл климаттық нормадан шамамен 1 градусқа жоғары.
Шілденің алғашқы онкүндігінде түнгі ауа температурасы +4…+9°С-тан +9…+14°С-қа дейін, ал күндіз +20…+25°С пен +25…+30°С аралығында құбылады. Онкүндіктің соңына қарай күн қайта ысиды.
Екінші онкүндіктің басында ауа температурасының одан әрі жоғарылауы күтіледі. Түнде +17…+22°С, ал күндіз қатты ыстық болып, +31…+36°С-қа дейін жетуі мүмкін. Кейін температура түнде +12…+22°С, күндіз +26…+36°С аралығында құбылып тұрады. Онкүндіктің соңында аздап салқындауы мүмкін.
Үшінші онкүндікте түнгі температура +9…+20°С, күндіз +23…+34°С аралығында болады деп күтіледі.
Шілде айында облыстың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында болады деп болжанған. Айлық норма 56–81 мм аралығында.
Ай бойы жаңбыр жауып, найзағай ойнауы және желдің секундына 15–20 метрге дейін күшеюі жиі байқалмақ. Бұршақ бірінші және екінші онкүндіктің ортасында күтіледі.
Бірінші және үшінші онкүндіктің соңында тұман түсуі ықтимал. Ал екінші онкүндіктің ортасында шаңды дауыл болуы мүмкін.
Бұған дейін еліміздің 4 қаласында ауа сапасы нашарлайтынын жазған едік.