СҚО-да азық-түлік бағасын негізсіз өсірудің 50 дерегі анықталды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын негізсіз қымбаттатқан кәсіпкерлерге биыл 3,8 млн теңге айыппұл салынды.

СҚО-да азық-түлік бағасын негізсіз өсірудің 50 дерегі анықталды
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

СҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, азық-түлік бағасын негізсіз өсірген кәсіпкерлердің 18-і жыл ішінде қайталап заң бұзған. Заңнамаға сәйкес талаптарды қайта бұзған жағдайда жаза мөлшері едәуір ұлғаяды.

— Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында сауда саласына қойылатын талаптар күшейтілген. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізетін сауда субъектілері өндірушінің бағасына немесе көтерме жеткізушіден сатып алынған бағаға 15% артық сауда үстемесін қоса алмайды. Бұл талап халық күнделікті тұтынатын негізгі азық-түлік өнімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған, — дейді департамент басшысы Ғалымжан Ильясов.

Бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне 31 атау енгізілген. Бұл санаттағы өнімдерді сату кезінде кәсіпкерлер белгіленген сауда үстемесін сақтап қана қоймай, олардың сатып алынған бағасын растайтын барлық құжаттарды ұсынуға міндетті. Олардың қатарында жеткізу шарттары, шот-фактуралар, жүкқұжаттар және өндірушінің немесе жеткізушінің босату бағасын растайтын құжаттар болуы тиіс. 

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын қалыптастыру кезінде тасымалдау, сақтау, импорттау шығындарын, жасырын комиссияларды, кредит пен сақтандыру рәсімдеу шығындарын сауда үстемесіне енгізуге тыйым салынған. 

— Сауда орындары тауар бағасын ұлттық валюта — теңгемен көрсетуге міндетті. Тауарды көрсетілген бағадан жоғары сатуға да жол берілмейді. Мұндай фактілер анықталған жағдайда да әкімшілік жауапкершілік көзделген. Заңнама сауда желілері мен ірі сауда нысандарының өнім берушілермен қарым-қатынасын да реттейді. Мәселен сауда желілеріне тауарды сауда нысандарына кіргізуден негізсіз бас тартуға тыйым салынған. Бұл талаптар отандық өндірушілердің өнімдерін нарыққа еркін шығаруға және әділ бәсекелестік ортаны қалыптастыруға бағытталған, — дейді Ғалымжан Ильясов.

Егер тұрғындар сауда заңнамасы талаптарының бұзылғанын байқаса, олар «е-Өтініш» жүйесі арқылы уәкілетті органға жүгіне алады. Өтінішпен бірге чек, фото немесе бейнематериал секілді дәлелдемелер ұсынылуы қажет. 

Бұған дейін «Алтын Орда» базарында азық-түлік бағасын негізсіз көтерген 7 делдалдың жұмысы тоқтатылғанын жазған едік.