СҚО-да «Bala Turkvizyon» байқауының жартылай финалисті анықталды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Bala Turkvizyon-Қазақстан» байқауы Қазақстанның он төртінші аймағына келіп жетті. Байқаудың Ұлттық іріктеуі Қазақстан жастарына білім, ғылым және мәдениет салалары бойынша қолдау көрсетіп келе жатқан Әлия Нұрсұлтанқызының «Жандану әлемі» қорының бастамасымен жүзеге асуда.
None
None

Аталмыш қор вокалдық жағынан дарынды балаларға қолдау көрсетумен қатар, еліміздің кішкентай тұрғындарына арнап қазақ тіліндегі жаңа әндерді жарыққа шығарып және оларды насихаттайды. Жаңа әндер жазылған дискілер республикамыздың мектепке дейінгі мекемелері және мектептеріне таратылады.

Петропавл қаласында Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығындағы байқаудың Ұлттық іріктеуі аймақтың тәлімгері Әділхан Макиннің қатысушыларды қарсы алуынан бастау алды. Әділханға жеңімпазды анықтауға елімізге танымал әнші Жанна Орынбасарова мен Бауыржан Мусин көмектесті. Ресми тіркелуден кейін өнерпаздар байқау күнделікерінің түсіріліміне түсіп, сүйікті әншілеріне сәлем жолдап, олардың алдында өз өнерлерін көрсетті.

Байқау кезінде ең ширақ мінезді қатысушылар «Айналайын» вокалдық ансамблінің әнші қыздары болды. Ансамбль он бес жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде қазақс эстрадасында танымал әншілер осы жерден тәлім алып, қанат қаққан. Орталықта 6-17 жас аралығындағы балалар ән айтуды үйренеді. Топта 45 бала оқиды. «Bala Turkvizyon-Қазақстан» байқауының іріктеуіне орта жас тобынан алты қыз бақ сынауға келді. Олар «Асыл» тобының «Қазақстан» әнін орындады. «Айналайын» ансамблінің жетекшісі Ботакөз Маметова «Bala Turkvizyon-Қазақстан» байқауы - ұйымдастырушылық жағынан ең жоғарғы деңгейде өтіп жатқанын атап өтті.

«Таңертеңнен бері біздің шәкірттеріміз әбден қызыққа батты. Телевизиялық түсірілімдер, кәсіби әртістермен тілдесіп, суретке түсіп жатыр. Армандары орындалып жатыр», - дейді тәжірибелі ұстаз.

Солтүстік Қазақстан облысының аймақтық жеңімпазы СҚО Уәлиханов ауданы Кішкенекөл селосының 11 жасар тұрғыны Дина Диярат. Дина көп балалы үйден. Отбасыда төрт бала бар. Жас өрен төрт жасынан бастап ән сала бастаған және бес жасында алғаш сахнаға шыққан. Кәсіби вокалмен айналыспайды, бірақ, мектебінде ұстазы Нұрболат Жанай өнерлі қыздың көптеген байқауларға қатысуына септігін тигізуде. Дина Жанар Дұғалова мен Алтынай Жорабаеваны үлгі тұтады. Одан бөлек, әнші қыз шахматты жақсы ойнап, спортпен шұғылданғанды жақсы көреді.

«Bala Turkvizyon-Қазақстан» байқауының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша жартылай финалисті Дина Дияратты тамыздың 13-і Алматыдағы «Жұлдызды үй» тосады. Кәсіби мамандар және тәлімгерлермен өткен екі апталық дайындықтан кейін Дина, Түркияның Стамбул қаласында өтетін «BalaTurkvizyon» байқауының Гранд-финалында Қазақстан Республикасының намысын қорғайтын жеңімпаз болуға жарысқа түседі.

Соңғы жаңалықтар