Инфрақұрылымның тозуынан ауыл шаруашылығында судың 40 пайызына дейін ысырап болады
АСТАНА. KAZINFORM – Таулы аймақтарда еріген суларды жинау үшін жаңа су қоймаларын салу немесе мұздықтардың еруін жасанды түрде баяулату мәселесі қазіргі таңда қарастырылып отырған жоқ. Бұл туралы ҚР СРИМ Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев Орталық коммуникациялар қызметінде мәлім етті.
Оның айтуынша, климаттың өзгеруі айқын байқалып отыр. Халықаралық сарапшылардың болжамына сәйкес, 2050 жылға қарай жаһандық температура 2–3 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.
– Мұздықтардың еруі және оны жинақтау мәселесі бүгінгі күні біздің министрліктің тікелей құзыретіне кірмейді. Мұздықтар бойынша тұрақты мониторингті «Қазгидромет» жүргізеді. Ал төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында, сел қаупі төнген жағдайда ғана ТЖМ-нің өңірлік департаменттері мұздықтардың жай-күйін тікұшақ арқылы визуалды түрде бағалайды. Қазіргі кезеңде ірі мұздықтарды ерітіп, олардың негізінде үлкен су қоймаларын салу – мерзімінен бұрын деп есептейміз, – деді комитет төрағасы.
Сонымен қатар Арсен Жақанбаев Қазақстандағы су тұтыну көлеміне де тоқталды.
Оның дерегінше, ел бойынша жыл сайын пайдаланылатын судың көлемі шамамен 25 млрд текше метрді құрайды. Оның 65 пайызы ауыл шаруашылығы дақылдарын суару алқаптарына жұмсалады. Алайда инфрақұрылымның тозуына байланысты судың 30–40 пайызына дейінгі бөлігі ысырап болады.
Осыған байланысты су шаруашылығын басқару және дамытуға арналған стратегиялық құжаттар аясында 14,5 мың шақырым каналдарды жөндеу көзделіп отыр. Сонымен қатар қосымша су қоймаларын салу жоспарда бар. Осындай жұмыстарды кезең-кезеңімен 2030 жылға дейін жүзеге асыру жоспарланған.
– Қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен, сондай-ақ халықаралық қаржы институттарының қаражаты арқылы жүргізіледі. Биыл Оңтүстік Қазақстан өңірінде су аз жыл болды. Соған қарамастан, сумен қамтуда қиындықтар болғанымен, бірде-бір шаруашылық егістік алқаптарын жоғалтқан жоқ, – деп толықтырды Арсен Жақанбаев.
Бұған дейін Қазақстан су қауіпсіздігі саласындағы өңірлік саясатты нығайтатынын жазғанбыз.