СҚО-да баласына 1,5 млн теңгеден астам алимент төлемеген ер адам бір жылға сотталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Ер адам бес жыл бойы ұлымен байланыс орнатпаған, оның тәрбиесіне қатыспаған, баланың денсаулығы мен тағдырына қызығушылық танытпаған.
Алимент төлеу жөніндегі міндетін ұзақ уақыт бойы орындамаған Петропавл тұрғынына қатысты қылмыстық істі Солтүстік Қазақстан облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады.
Ер адам сот шешімімен кәмелетке толмаған ұлын асырауға алимент төлеуге міндеттелген. Алайда ол бұл міндетін орындаудан жалтарып, нәтижесінде 1,5 млн теңгеден астам берешек қалыптасқан.
Істі қарау барысында сот оның жұмысқа орналасып, табыс табуға мүмкіндігі болғанына қарамастан, ресми жұмыс іздеуге әрекет жасамағанын, халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінбегенін анықтады.
Жаза тағайындау кезінде сот айыпталушының кінәсін толық мойындағанын, жасаған ісіне өкінетінін және жауаптылықты ауырлататын мән-жайлардың жоқ екенін ескерді. Сонымен қатар оның тұрғылықты жері бойынша теріс мінездемеге ие екені, алимент өндіру туралы атқарушылық құжатты орындамағаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны және бұған дейін тараптардың татуласуына байланысты осы бап бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылғаны назарға алынды.
Яғни сот оған түзелуге мүмкіндік берген, бірақ ер адам тиісті қорытынды шығармаған және баланы асырау жөніндегі міндетінен жалтарған.
Сот оны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша кінәлі деп танып, бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сот үкімі заңды күшіне енді.
Бұған дейін 25 тамыздан бастап алимент арнайы банк шотына аударылатынын жазған едік.