СҚО-да балық аулау тәртібін бұзғандарға былтыр 1,8 млн теңге айыппұл салынды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында балық шаруашылығына арналған 633 су айдыны болса, соның жартысы кәсіпкерлерге жалға берілген.

Атырауда 6 айда заңсыз балық аулағандарға 4 млн теңге айыппұл салынды
Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мәліметінше, 295 су айдынын 147 балық шаруашылығы субъектісі алып, жұмыс істеп жатыр. Былтыр өңірдегі өзен-көлдерге жалпы 115 млн 200 мыңға жуық әртүрлі балық шабағы жіберілген.

— Балық шаруашылығын дамытудың он жылдық бағдарламасы бар. 2021 жылы іске қосылған бұл құжат аясында 2030 жылға қарай 10 мың тонна тауарлық балыққа қол жеткізу жоспарланған. Бағдарламаның негізгі мақсаты — халыққа балық өнімдерін қолжетімді ету, балық шаруашылығы мен аквашаруашылықты дамытуға қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ балық ресурстары мен су жануарларын сақтау және тиімді пайдалану. Бағдарлама аясында балық және өңделген балық өнімдерінің көлемін ұлғайту, балық қорын қорғау және өсімін молайту, сондай-ақ ғылыми және кадрлық әлеуетті нығайту көзделген, — дейді инспекция басшысы Нығмет Қауашев.

Маманның айтуынша, былтыр өңір жоспарланған 1300 тонна тауарлық балықтың орнына 1700 тоннасын өсірді. Балық және басқа да су жануарларын аулауға бөлінген квота 942,5 мың тонна болса, соның 933 мың тоннасы игерілген.

— Балық шаруашылығы мемлекеттік қолдауға ие болып, бүгінде кәсіпкерлерге инвестициялық шығындардың бір бөлігін өтеу үшін субсидиялар беріліп келеді. Сонымен қатар өнімнің сапасы мен өнімділігін арттыруға, асыл тұқымды балық шаруашылығын дамытуға қолдау көрсетіледі. Салаға қатысты жобаларды жүзеге асыруға 2,5% жеңілдетілген мөлшерлемемен несие беріледі. Бұдан бөлек, салық төлемдерін кейінге қалдыру, есепке жатқызылатын қосылған құн салығының 70% қайтару және «Даму» қоры арқылы кәсіпкерлерді қолдау шаралары қарастырылған, — дейді Нығмет Қауашев.

Инспекцияның басты міндеттердің бірі — балық қорын сақтау. Осы мақсатта былтыр 130 рейдтік іс-шара ұйымдастырып, 90 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Нәтижесінде 1,8 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

Мамандардың айтуынша, ең жиі кездесетін заң бұзушылықтың бірі — балық аулауға рұқсат құжаттардың болмауы.

Бұған дейін «Аквашаруашылық туралы» заңды іске асыру аясында балық өндірушілердің шығындарын азайтуға, инвестиция тартуға және саланың тұрақтылығын арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдаудың жаңа кешенді шаралары қалыптастырылғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар