СҚО-да балықтардың жаппай қырылу себебі анықталды
Өткен демалыс күндері Глубокое көлінде балықтардың жаппай жағаға шығып қалған фотосы мен видеосы әлеуметтік желіде тараған болатын.
Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясы басшысының орынбасары Марат Есемсейітовтің ақпараты бойынша, балықтар қырылған орынға экология департаменті, ветеринария қызметі, орман шаруашылығы инспекциясы, табиғи ресурстар басқармасы, ТЖД және табиғатты қорғау прокуратурасының мамандарынан құралған ведомствоаралық жұмыс тобы жедел жетті.
«Сараптама қорытындысы көрсеткендей, Мамлют ауданы Глубокое көліндегі балықтардың жаппай қырылуы оттегі жетіспеушілігі салдарынан орын алған. Судың құрамында оттегі аз болған. Балықтардан ешқандай індет табылмады. Тірі балықтар да тексерілді, олар да ешқандай ауруға шалдықпаған», - деді Марат Есемсейітов.
Анықталғандай, балықтар үшін қажетті оттегінің ең төменгі мөлшері - 3 мг/литр.
«Экология департаментінің сараптама қорытындысы бойынша, Глубокое көлінде мұз қабаты ерігеннен кейін оттегінің мөлшері 0,3 болған. Болжам бойынша, мұз қатып тұрған кезде оның мөлшері нөлге тең болған. Сондықтан, балықтарға ауа жетпеген», - деді «Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Солтүстік бөлімшесі зертханасының меңгерушісі Виктор Фефелов.