СҚО-да биыл 660 адам рульде мас күйде ұсталған
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында өткен жеті айда 231 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 21 адам мерт болып, 315-і жарақат алған. Жол апаттарының 192-сі жүргізушілердің, 15-і – жүргіншілердің кінәсінен болды.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Григорий Тыштың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларының саны шамамен 50-ге артқан.
«Жүргізген талдау нәтижесінде жол-көлік оқиғаларының басым көпшілігі жұма-сенбі болатындығы анықталды. Басты себеп - ережені сақтамау. Қиылыстан дұрыс өтпеуден - 70, жүргіншілерге жол бермеуден 16 жол-көлік оқиғасы болды.
Жалпы өңірде жол қозғалысы тәртібін бұзғаны үшін 41 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың 6953-і белгіленген жылдамдықты асырса, 660 жүргізуші көлік тізгінінде мас күйде болған», - дейді Григорий Тыш.
Сонымен қатар, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың 19 мыңнан астам фактісі тіркелді. Қазіргі уақытта жолдарда жылдамдық режимін қадағалау үшін арнайы жабдықталған екі «Кибер-Шериф» көлігі жүр. Ал республикалық маңызы бар жолдарда 15 патрульдік бағыт кезекшілік атқарады. Петропавлда тәртіпті 14 автопатруль қадағаласа, ауылдық жерлерде бұл міндет полицияның учаскелік инспекторларына артылған.
«Ел аумағында жаңа оқу жылы қарсаңында балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 26 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында «Назар аударыңыз, балалар! » акциясы өтіп жатыр. Осы іс-шара барысында патрульдік бағыттар білім беру ұйымдарының жанында жұмыс істейді, әкімшілік полиция қызметкерлері жалпы білім беретін және мектепке дейінгі мекемелер орналасқан жерлерде жол желісінің және көлік қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарына тексеру жүргізеді», - деді Григорий Тыш.
Полиция қызметкерінің айтуынша, өткен жеті айда балалардың қатысуымен 55 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан, бір бала мерт болып, 65-і жарақат алды.
Бұған дейін Петропавл тұрғыны интернет алаяқтықпен айналысып, 16 адамның атынан онлайн несие алғанын жазған едік.