СҚО-да биыл қараша айында рекордтық температуралық көрсеткіштер жаңартылды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Күздің соңғы айы болса да Солтүстік Қазақстан облысында биыл жылы ауа райы сақталып тұр. 

СҚО-да биыл қараша айында рекордтық температуралық көрсеткіштер жаңартылды
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

«Қазгидромет» кәсіпорны СҚО филиалының мәліметінше, бүгін, мәселен Петропавлда сынап бағанасы +3 °С-қа дейін көтерілмек. Ертең, 21 қараша күні ауа райы аздап суытып, шамамен -2 °С болғанымен, келесі күні тағы да күн жылынып, температура +2 °С көрсетпек.

СҚО-да биыл қараша айында рекордтық температуралық көрсеткіштер жаңартылды
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

— СҚО-да биыл қараша айы жылы және климаттық норма шегіндегі жауын-шашынды болды. Аймақта кей күндері бұрынғы жылдардың рекордтық температуралық көрсеткіштері жаңартылды. Мысалы Петропавлдағы метеостанцияда 15 қарашада ауа температурасы +8,7 °С-ты, ал 16 қарашада +9,0 °С-ты көрсетті. Бұл соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

20 қарашадағы жағдай бойынша Петропавлда орташа ауа температурасы -0,5 °С болды. Бұл көрсеткіш климаттық нормадан 4,3 °С-қа жоғары. Облыс бойынша орташа температура -0,9…-1,6 °С аралығында тіркеліп, көпжылдық нормадан 3,6–4,3 °С-қа жоғары болды, — дейді облыстық филиалдың директоры Қымбат Мерғалимова.

Мамандардың айтуынша, ай ішінде облыс аумағында жауын-шашын жиі жауды. Сонымен қатар көптеген ауданда тұман, көктайғақ болды.

Жауын-шашын мөлшері өңір бойынша 17 мм-ден 62 мм-ге дейін өзгерді. Бұл кей жерлерде нормадан 1,5–2 есе көп. Ең көп жауын-шашын Ғабит Мүсрепов атындағы ауданның Возвышенка ауылында тіркелді. Норма 30 мм болса, мұнда 62 мм жауған. Петропавлда жауын-шашын мөлшері 26 мм болды, бұл айлық норманың 88%.

СҚО-да биыл қараша айында рекордтық температуралық көрсеткіштер жаңартылды
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Алдын ала болжам бойынша, биылғы қыс облыста жылы болады. Жауын-шашын мөлшері де көпжылдық нормадан аспайды. Дегенмен, синоптиктердің айтуынша, қыс мезгілі қарлы боран, қатты жел, көктайғақ, тұман және жауын-шашынсыз өтпейді.

Жалпы СҚО-да қарашадағы ең жылы күн 1984 жылы Петропавлда тіркелген екен. Сол күні ауа температурасы +21 °С болған.

Ал ең төменгі көрсеткіш 1998 жылы Сергеевкада байқалды. Сынап бағанасы — 40 °С көрсетті.
Бұған дейін 20 қарашада еліміздің бірқатар өңірінде ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар