СҚО-да биыл колледждің үш оқушысы есірткі сатқаны үшін сотталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында «Жасөспірім» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жастарға «Есірткі жасырушылар. Жаза» деректі фильмі көрсетіліп жатыр.

Бұл есірткі жайында СҚО полиция департаментінің бастамасымен түсіріліп, жарыққа шыққан үшінші фильм. Есірткі тасымалдағаны үшін жазасын өтеп жатқандардың оқиғаларына негізделіп түсірілген.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан өңірде колледждің 3 студентіне есірткі сатқаны үшін жаза кесілді. Есірткі сатушылар көбінесе интернет арқылы жастарды алдап-арбап, көп ақша мен қауіпсіздікті уәде етеді. Алайда тәжірибе көрсеткендей, буып-түюшілер мен есірткі жасырушылар орта есеппен үш айдан артық жұмыс істемейді.

Тәртіп сақшылары жыл басынан облыста 106 есірткі қылмысын, оның ішінде 39 есірткі өткізу фактісін ашты. Заңсыз айналымнан 27 кг астам есірткі, оның ішінде 2,5 кг астам синтетикалық есірткі алынды. Көкшетау мен Астана қалаларынан «синтетиканы» жеткізудің 3 тұрақты арнасының жолы кесілді.
— Табысты заңды түрде табудың көптеген жолы бар. Ал есірткі бизнесімен айналысу болашаққа балта шабумен бірдей. Кемінде жеті жыл өміріңіз темір тордың арғы жағында өтеді. Жаңа заңнама бойынша ірі көлемде есірткі таратушылар үшін осындай ең төменгі жаза көзделген. Ал есірткі саудасын ұйымдастырушылар үшін 15 жылдан бастап өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар, — деді колледж оқушыларымен кездескен полицейлер.
Бұған дейін Қазақстанда 23 жасөспірім есірткі қылмысы үшін ұсталғанын жазған едік.