СҚО-да биыл үш адам бруцеллез жұқтырды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында бруцеллез жұқтырғандардың біреуі — Петропавл тұрғыны, қалған екеуі Шал ақын ауданынан.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, дертті жұқтырғандардың барлығы ересектер. Олар қажетті ем қабылдап, диспансерлік есепке алынды. Енді дәрігерлердің бақылауында болады.
— Шал ақын ауданында инфекцияны жұқтырғандар ауру малды баққан. Олардың жеке ауласындағы қойдан бруцеллез анықталды. Ал Петропавл тұрғынының бұл дертті қайдан жұқтырғаны белгісіз, — дейді департаменттің бас маманы Толқын Қаженова.
Бруцеллез, яғни, сарып жануарлар мен адамдардың қауіпті жұқпалы ауруы. Оны бруцелла микробы тудырады. Адамдарға дерт ауру малдан тарайды.
— Адамдарда ауру белгісі инфекцияны жұқтырғаннан кейін әдетте 2-3 аптадан кейін пайда болады. Дене қызуы көтеріліп, қалтырау, қатты терлеу, әлсіздік пайда болып, тәбет төмендеуі мүмкін. Кейін бас ауруы, ұйқының бұзылуы байқалып, буындар ауыра бастайды. Әсіресе ірі буындар зақымданып, ісінуі мүмкін, — дейді санитар дәрігер.
Әсіресе мал төлдеген кезде сарыпты жұқтыру қаупі артады. Өйткені бұл уақытта бактерия төл, шу және зәр арқылы көп мөлшерде бөлінеді екен. Сондай-ақ инфекция ауру малды күтіп-баптау кезінде, мал сою барысында, зақымданған тері арқылы, лас қолмен көз, мұрын немесе ауызды ұстағанда жұғуы мүмкін.
Сонымен қатар, маманның айтуынша, шикі сүт, қайнатылмаған сүт өнімдері, жеткілікті термиялық өңдеуден өтпеген ет арқылы да тарауы мүмкін.
СҚО ветеринария басқармасының мәліметінше, жалпы өңірде бруцеллез бойынша эпизоотиялық жағдай тұрақты.
Мамандардың айтуынша, биыл өңірде Есіл ауданындағы Ильинка ауылында ауру ошағы анықталды. Мұнда ірі қара малдан сарып табылған. Бүгінде елді мекенде барлық ветеринариялық-санитариялық шаралар толық жүргізіліп, шектеу шаралары алынды.
Жыл басынан бері облыс бойынша бруцеллезбен ауырған 53 бас ірі қара және 4 ұсақ мал анықталды. Өткен жылы 640 қара мал мен 12 қой-ешкі ауырған.
Ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес ауру малдың көзі жойылды. Қора-қопсы толық дезинфекциядан өтті.
Бұған дейін Шығыс Қазақстанда адамдар арасында бруцеллез жұқтырғандар саны артқанын жазған едік.