СҚО-да биыл жануарлардан зардап шеккен 1,5 мың адам құтырмаға қарсы екпе алды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында соңғы рет «құтырма» диагнозы 1998 жылы қойылған.

вакцина
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті аса қауіпті инфекциялар мен туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің жетекші маманы Нұргүл Молдағалиеваның айтуынша, жұқпалы аурулардың ішінде құтырма, тағы бір атауы – гидрофобия өте қауіпті, егер алғашқы сағаттарда жұқтырған адамға қажетті көмек көрсетілмесе, ол сөзсіз қайтыс болады.

- Қазақстанның көптеген өңірі құтырманың табиғи ошағы аймағында орналасқан. Біздің облыста әсіресе қысқы-көктемгі кезеңде,қауіпті вирусты жабайы жануарлар елді мекендерге әкелгенде қауіпті. Ит-мысықтар, ауыл шаруашылығы жануарлары арқылы адамдардың жұқтыру қаупі артады. 

Өңірде профилактикалық жұмыстың арқасында соңғы 27 жылда тұрғындардың құтырма жұқтыру фактісі тіркелмеді, - дейді маман. 

Санитар дәрігердің айтуынша, қазіргі уақытта құтырма ауруына қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Десек те, 2025 жылдың 10 айында облыста 1469 адам антирабиялық көмекке жүгінді.

- Инфекция жануарлар қапқан жағдайда сілекейдің жараларға, сызаттарға, сондай-ақ көздің, мұрынның, ауыздың шырышты қабаттарына енуі арқылы жұғады. 

Ауру жануарға тән белгілер бар, әдетте судан қорқады, сілекейі ағып, агрессивті болады. Ауруды жұқтырған ит алғашқы күндері тамақтан бас тартады, жасырынады, үйден қашып кетуі мүмкін. Содан кейін қозу кезеңі басталады, мұндайда ол адамдар мен жануарларға шабуыл жасайды, іше алмайды, себепсіз үреді, дауысы қарлығады. Ал мсықтар аурудың алғашқы күндерінен бастап агрессивті, адамдарға шабуыл жасайды. 

Ауру түлкілер әдетте адамдарға жақындап, ауылға кіріп кетеді. Олар агрессияны көрсетпейді, оңай қолға беріледі. Ауру жабайы жануарда қозу кезеңі басталғанда қозғалу функциясы бұзылып, салданады. Тыныс алу мен жүрек қызметінің төмендеуі өлімге әкеледі, - дейді Нұргүл Молдағалиева. 

Елді мекендерде құтырма белгілері бар жабайы жануарлар пайда болған кезде олардың үй жануарларымен байланысуына жол бермей, алдын алу шараларын қабылдап, инфекцияның таралуының алдын алу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыратын ветеринариялық маманға тұрғылықты жері бойынша дереу хабарлау қажет.

Маманның айтуынша, құтырманың алдын алуда бұралқы иттер мен мысықтардың санын азайту шаралары үлкен маңызға ие. Қолданыстағы ережелерге сәйкес иттерді байлап, үйшікте немесеқора-қопсыда ұстау керек. Серуендеуге қарғыбаумен және тұмылдырық кигізіп шығару қажет. Үй жануарларын жұқпа көзі болуы мүмкін қаңғыбас иттермен және жабайы жануарлармен жанасуына жол бермеу керек. Барлық иттер құтыруға қарсы егіледі.

- Егер сізді жануар қауып алса не істеу керек? Біріншіден, тістеген жерді дереу 10 минут бойы сабынмен жуу керек. Терең жараларды жіңішке ағысты сабынды сумен жуу ұсынылады, мысалы, шприцтің көмегімен. Жараларды күйдірудің қажеті жоқ. Осыдан кейін дереу жақын маңдағы медициналық пунктке дәрігерлік көмекке жүгінуіңіз керек. Емханада профилактикалық егу курсы тегін жүргізіледі. 

Екпе – жануар тістеген адамдарда құтырма ауруының алдын алатын сенімді құрал, ол ауырсынусыз, оңай жеңіл түрде өтеді. Иммундау кезеңінде ақуыздар мен дәрумендерге бай күшейтілген тамақтану ұсынылады, суыққа тоңудан, қызып кетуден, дененің шамадан тыс шаршауынан, сонымен қатар алкогольді ішімдіктерден аулақ болу керек, - дейді санитар дәрігер. 

Маман құтырмамен ауырған адамның қандай жағдайда болмасын өлетінін ескертеді. Ауру емделмейді, бірақ дер кезінде вакцинаны енгізу арқылы оны болдырмауға болады. Иммунопрофилактиканың тиімділігі оның уақтылы жүргізілуіне байланысты. 

Жақында мысық тістеген маңғыстаулық тұрғын құтырма ауруынан көз жұмды

Бұған дейін сондай-ақ СҚО-да түлкілер ауылдарға кіріп, үй жануарлары мен құстарды талай бастағанын жазған едік

Соңғы жаңалықтар