СҚО-да биыл жаз жылдағыдан жылы болмақ

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарын биыл жайлы жаз күтіп тұр. Синоптиктердің болжамынша, күн жылы, жауын-шашын қалыпты деңгейде болады.

цветы, погода, лето, весна, көктем, жаз, ауа райы, гүлдер
Фото: Александр Павский / Kazinform

«Қазгидромет» кәсіпорны облыстық филиалының мәліметінше, маусымда орташа ауа температурасы климаттық нормадан 1–2°С-қа жоғары болады. Әдетте бұл айда орташа температура +17,7…+19,0°С шамасында қалыптасқан.

Жаңбыр көпжылдық көрсеткішке сай 37–49 мм аралығында жауады деп болжанған.

Жаздың ең ыстық айы – шілдеде ауа температурасы көпжылдық нормаға сай болмақ. Бұл айда орташа температура +18,7…+20,3°С аралығында сақталады.

Жауын-шашын мөлшері, облыстың солтүстік бөлігін қоспағанда, негізінен қалыпты деңгейде болады. Ал солтүстік өңірлерде көрсеткіш сәл жоғарылауы мүмкін. Көпжылдық норма – 56–81 мм.

Тамыз айында ауа температурасы орташа көрсеткіш +17,0…+18,2°С нормадан 1–2°С-қа жоғары болады деп болжанған. Ал жауын-шашын әдеттегідей 42–54 мм мөлшерінде болмақ.

Бұған дейін ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қаупі жоғары маусымның басталуына табиғатта және су жағасында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырғанын жазған едік.