Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

СҚО-да биыл жеті адам кене энцефалитін жұқтырды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында күн жылынғалы 766 адамды кене шақты.

кене, энцефалит
Фото: ДСМ

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қан сорғыштардан зардап шеккендердің 217-сі — 14 жасқа дейінгі бала. Былтыр осы аралықта кене шаққан 810 адам медициналық көмекке жүгінген, оның 207-сі бала болған.
Жылдың алғашқы жеті айында облыста кене энцефалитін жұқтырудың 7 жағдайы тіркелді. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен бірдей.

Мамандар халық арасындағы «кене тек көктем мезгілінде ғана қауіпті» деген пікірдің қате екенін ескертеді. 

— Біздің өңірде кене мамыр-маусым айында аса белсенді болып келеді. Бірақ сәуір айынан бастап қазан айына дейін болады. Сол себепті табиғат аясына шыққанда кенеден қорғану үшін бірнеше қарапайым ережені сақтаған жөн. Ең алдымен, денені барынша жауып тұратын ашық түсті киім киген дұрыс. Киім қолдың білезік және тобық тұсында денеге тығыз жанасуы керек. Сонымен қатар кенеден қорғайтын репелленттерді қолдануға болады. Табиғатта жүргенде шөбі қалың жерлерге барынша жақындамаған жөн, — дейді департамент басшысының орынбасары Арман Күшбасов.

Мамандар үйге келгеннен кейін өзіңізді, балаларды және үй жануарларын да мұқият тексеру қажеттігін еске салады.

Ал денеден жабысқан кенені көрген жағдайда ең алдымен сабыр сақтаған жөн. Мүмкіндік болса, медициналық ұйымға барып, кенені қауіпсіз түрде алдырған дұрыс. Дәрігерлер кененің ауру жұқтырған-жұқтырмағанын да бағалайды.

— Егер бірден медициналық көмекке жүгіну мүмкін болмаса, кенені арнайы құралмен немесе пинцетпен абайлап алып тастауға болады. Жәндікті теріге барынша жақын жерінен ұстап, ақырын алу қажет. Кене алынғаннан кейін шаққан жерді антисептикпен өңдеген жөн. Мүмкіндік болса, алынған кенені кейін белгіленген тәртіппен зерттеу үшін сақтап қойған дұрыс. Кенені қолмен жаншуға, қатты тартуға немесе бұрап шығаруға болмайды. Сондай-ақ оған май, спирт, вазелин, тырнақ бояуын жағу сияқты халықтық әдістерді қолданбаған дұрыс. Кенені күйдіруге де болмайды, — дейді Арман Күшбасов.

Осыған дейін СҚО-да 16 жастағы жасөспірім кене энцефалиті вирусын жұқтырып, ем алғанын жазған едік.