СҚО-да былтыр фитосанитариялық бақылау аясында 6 млн теңге айыппұл салынды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы фитосанитариялық қауіпсіздікпен тікелей байланысты. Арамшөптер, қауіпті зиянкестер мен өсімдік аурулары дер кезінде бақылауға алынбаса, егіншілікке зор шығын келуі мүмкін. Солтүстік Қазақстан облысындағы фитосанитариялық жағдай, карантиндік бақылау және зиянкестерге қарсы күрес шаралары туралы Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы басшысы Нұрлан Бүркіталин әңгімелеп берді.

санақ
Коллаж: Kazinform; Freepik

- Өңірдегі қазіргі фитосанитариялық жағдай қандай? Карантин енгізілген аумақтар бар ма?

- Қазіргі таңда СҚО-да жатаған укекіреге байланысты карантиндік режим енгізіліп, арнайы карантиндік аймақтар белгіленген. Бұл - ауыл шаруашылығы үшін аса қауіпті арамшөптердің бірі. Сондықтан карантиндік аймақтарда ошақтарды оқшаулау, жою бойынша фитосанитариялық іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп келеміз.

Былтыр жатаған укекіреге қарсы 197,6 га жоспарланған аумақ өңделді, яғни, 100% толық көлемде орындалды.

- Инспекция көрсетіп отырған мемлекеттік қызметтердің ішінде қайсысы сұранысқа ие?

- Біздің инспекция негізгі үш мемлекеттік қызмет көрсетеді. Соның ішінде ең сұранысқа ие қызмет - карантинге жатқызылған өнімді шетелге шығаруға фитосанитариялық сертификат беру. Бұдан бөлек, ғылыми-зерттеу мақсатында карантинге жататын зиянды организмдерді елге әкелуге рұқсат беру және астық пен оның өнімдерін карантиндік арамшөп тұқымдарын жою технологиясымен өңдейтін және (немесе) ағаш қаптама материалын залалсыздандырып, таңбалайтын кәсіпорындарға тіркеу нөмірін беру қызметі бар. Былтыр өсімдіктер карантині саласында 108 мыңнан астам фитосанитариялық сертификат берілді. Бұл – агроөнеркәсіп саласының белсенді дамып жатқанын көрсетеді.

Нұрлан Бүркіталин
Фото: аумақтық инспекциядан

- Облыста неше фитосанитариялық бақылау бекеті бар? Олардың жұмысының нәтижесі қандай?

- Бүгінгі таңда облыс аумағында төрт фитосанитариялық бақылау бекеті жұмыс істейді. Олар - «Жанажол», «Қызылжар», «Қарақоға» және «Бидайық» бекеттері. Былтыр, жалпы алғанда, шамамен 17 мың автокөлік тексеруден өтті. Оның 12 мыңы импортқа байланысты. Бұл - 109 мың тонна және 284 мың текше метр өнім және 18 млн дана карантинге жатқызылған өнім. Ал транзит кезінде 5 мың автокөлік пен мыңдаған тонна карантинге жатқызылған өнім қаралды.

Карантиндік фитосанитариялық бақылау тұрақты түрде жүзеге асырылады. Оның қорытындысы бойынша 21 мыңға жуық акт рәсімделді. Соның ішінде 16 мыңы – экспорт кезінде, 5 мыңы – импорт кезінде тіркелген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша инспекция тарапынан жалпы сомасы 6 млн теңгеден асатын 46 әкімшілік айыппұл салынды. Өкінішке қарай, құқық бұзушылықтардың басым бөлігі импорттық өнім әкелу кезінде анықталды.

- Еліміздің кей өңірлері жылда үйірлі шегірткеден зардап шегіп келеді. СҚО-ға зиянкестерден қауіп бар ма?

- Былтыр өсімдіктерді қорғау іс-шараларын жүзеге асыру, зиянды және аса қауіпті зиянды организмдердің таралуына мониторинг аясында республикалық мамандармен бірлескен зерттеулер жүргізілді. Осы іс-шараларды үйлестіру, жедел әрекет ету, ведомствоаралық өзара әрекеттесу мақсатында аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы күрес жөніндегі штаб құрылған.

2025 жылы 2173 га үйірлі шегіртке болуы мүмкін деген болжам жасалды, оның 2018-і расталды. Ол алқап толық химиялық өңдеуден өтті. Зиянкестермен күрес республикалық бюджет есебінен толық жүргізілді. Бұдан бөлек 60 мың га дернәсілдерге қарсы зерттелді.

Ал саяқ шегірткелерге қарсы 2 мың гектарға жуық алқап өңделді. Бұл жұмыстар жергілікті атқарушы органның қаражаты есебінен атқарылды. Сонымен қатар, Ресеймен шекаралас аумақтар да бақылауда болды, ол жақта шегірткелердің қоныстануы байқалмады.

- Дәнді дақыл аурулары бойынша жағдай қандай?

- Дәнді дақылдардың негізгі аурулары – септориоз бен қоңырқай жапырақ татына қарсы мониторинг былтыр шілде айында басталды. Жалпы болжанған 556 га-дың 474 мың га-нан өсімдік ауруы анықталды. Бұл аумақтардың барлығында химиялық өңдеу жұмыстары өндірушілердің өз қаражаты есебінен толық көлемде жүргізілді.

Бұл - ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өнім сапасын сақтау және аграрлық саланың тұрақты дамуына жағдай жасау үшін қолға алынған.

Бұған дейін бес облыста фитосанитариялық сараптаманың жаңа ақылы тәртібі пилоттық режимде іске қосылғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар