СҚО-да былтыр көлікпен жүк тасымалдаушыларға 92 млн теңгеге жуық айыппұл салынды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында рұқсат етілген салмақтық-габариттік параметрлерді бұза отырып көлікпен жүк тасымалдау фактілері шамамен екі есе артты.
СҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясының мәліметінше, былтыр жүк тасымалдауға қатысты заңнаманы бұзғандарға 256 әкімшілік материал толтырылған. Жалпы сомасы 91,85 млн теңге айыппұл салынды. 2024 жылы 141 факті тіркеліп, 41 млн теңге шамасында айыппұл салынған еді.
— Жалпы алғанда, автомобиль көлігі саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін 917 әкімшілік материал жасалып, 213,51 млн теңге сомасына айыппұл салынды. Жолаушылар мен багажды тасымалдауды бақылау нәтижесінде 120 автобус тексеріліп, 11 әкімшілік материал жасалды, 305 мың теңге сомасына айыппұл салынды. Автобустар мен шағын автобустарды міндетті техникалық байқау кезінде жиі анықталатын кемшілік — білім беру ұйымдарына тиесілі көлік құралдарында «Балалар» айырым белгісінің болмауы, — дейді инспекцияның басшысы Нұрсұлтан Жамашов.
Техникалық байқау операторларына қатысты да бақылау шаралары жүргізілді.
Міндетті техникалық байқаудың бірыңғай ақпараттық жүйесіне деректер дұрыс енгізілмегендігі үшін 10 әкімшілік хаттама толтырылып, 983 мың теңге айыппұл салынған.
— Сондай-ақ заңнама талаптарын бұза отырып берілген қолданыстағы 3607 техникалық байқау диагностикалық картасы жойылды, — дейді Нұрсұлтан Жамашов.
Бұған дейін Президент жүк тасымалдау үдерісін жеңілдетуге бағытталған жүйенің жұмысын сынға алған еді.