СҚО-да былтыр үш адам бруцеллез жұқтырды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Сарып немесе бруцеллез – адамдар мен жануарлардың жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппаратын зақымдайтын, ұзаққа созылатын жұқпалы ауру.

Солтүстік Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, былтыр өңірде алғаш рет жедел бруцеллездің 3 жағдайы тіркелді, оның ішінде екі адам Шал ақын ауданында, біреуі Қызылжар ауданында жұқтырған.
Тіркелген 3 жағдайдың үшеуінде де инфекция көзі - ірі қара мал, 2 жағдайда науқастар ауырған малдың сүтін қайнатпай пайдаланған, енді бірінде ауру малды бағып, жеке қорғаныш құралдарын қолданбаған.
Мамандардың айтуынша, адам бруцеллезді ауру малды сою кезінде де жұқтырып алуы мүмкін. Уақытылы дәрігерге қаралып, емделмеген жағдайда ауру созылмалы түрге өтіп, мүгедектікке және бедеулікке әкеледі.
Сарып ауруы дене қызуының 39 - 40°С дейін көтерілуімен басталады. Науқас өзін әлсіз сезініп, басының, буындарының ауырғанына шағымданады. Ауру шамамен 3 айға созылады, бірақ кейде жылдап ауыратындар да бар.
Аурудың алдын алу үшін міндетті түрде жылына екі рет малды бруцеллезге тексеріп, инфекция анықталған жағдайда 15 күннің ішінде ауру малдың көзін жою қажет. Мал тұрған жер зарарсыздандырылады, себебі дезинфекциялық препараттар бактерияны түпкілікті жояды.
Тек қайнатылған сүтті ғана ішуге болады. Ауру қоздырғышы (бруцелла) 100ºС қайнату температурасында 5 минут ішінде жойылады. Ет, сүт және сүт өнімдерін заңсыз сату орындарынан, белгісіз адамдардан сатып алуға болмайды.
Мал жайлағанда қарапайым жеке бас гигиенасын сақтау қажет, мал қорада жұмыс істегеннен кейін қолды міндетті түрде жуу қажет.
Бұған дейін СҚО-да шаруашылықтан асыл тұқымды 50 бұзауды ұрлаған күдіктілер ұсталғанын жазған едік.