СҚО-да бөгетті нығайту үшін бұзылуы тиіс үйлердің тұрғындары әкімдік берген бағамен келіспей отыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Прибрежное елді мекеніндегі бөгетті нығайту және кеңейту жұмыстары жүргізілмек.

тұрғындар
Фото: Қызылжар аудандық әкімдігі

Сонымен қатар осы ауылдағы Дербес көшесіндегі тұрғындар үшін жаңа қорғаныс бөгетін салу мәселесі де қарастырылып жатыр. Бұл жерде небары 8 жекеменшік үйдің орналасуына байланысты жобаның экономикалық тиімділігі күмән тудырған. Сол себепті бұл үйлерді бұзып, тұрғындарына өтемақы беру жоспарланған.

Алайда тұрғындар өз мүліктерінің әкімдік ұсынған алдын ала бағасына келіспейтінін білдірді. Олар баспананың тым арзан бағаланғанын айтып, жылжымайтын мүліктің нарықтағы нақты бағасы бойынша өтелуін талап етіп отыр.

тұрғын
Фото: Қызылжар аудандық әкімдігі

Қызылжар аудандық әкімдігінің мәліметінше, 23 қыркүйек күні аудандық әкімдікте Прибрежное ауылының тұрғындарымен кездесу өтті. Аудан әкімі Бейбіт Исманов әр тұрғынның баспанасы жеке қаралып, шешім қабылданатынын айтты және көшпелі кездесу өткізуге уағдаласты.

25 қыркүйек күні кешке аудан басшысы тұрғындардың үйлеріне барып, жағдаймен танысты.

- Дүйсенбі күні басқа компания келіп, үйлеріңізді сәрсенбіге дейін бағалайды. Қорытындысын алғаннан кейін, алдындағы бағалаумен салыстырып барып, шешім қабылдаймыз. Бұл біздің соңғы кездесуіміз емес, - деді Бейбіт Исманов.

Естеріңізге салайық, Қызылжар ауданындағы Прибрежное елді мекені тасқын судың жолында тұр. Жылда көктемде су тасығанда ауылға қауіп төнеді. 

Биыл жылда жолын су басатын Прибрежное елді мекеніне көпір салынатынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар