СҚО-да бөгеттердің құрылысына қатысқан кәсіпкерлер тиісті ақшаларын ала алмай жүр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Былтырғы төтенше жағдай кезінде атқарған жұмыстары үшін жергілікті жобалаушы және құрылыс ұйымдары Петропавл әкімдігінен ақшаларын ала алмай жүр.

Бұл мәселені кәсіпкерлер облыс әкімінің орынбасары Рүстем Кұрмановпен кездесуде көтерді.
Тиісті жұмыс атқарылғанымен, жергілікті әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі ақыны төлеуге асығар емес.
Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының салалық кеңес төрағасы Әміржан
Шәкейдің айтуынша, өткен жылдың тамыз айында «Готика» ЖШС қалалық әкімдікпен шартқа отырды. Компания Жеңіс саябағында нөсер кәрізін салуға 14 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттама әзірледі.
- Жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) бойынша жұмыс іс жүзінде аяқталғанына қарамастан, шарт әлі де қазынашылық органдарында тіркелмеген, салдарынан төлем жасау мүмкін емес.
Сондай-ақ, осы жылдың қаңтарында сол компания ТҮКШ бөлімімен тағы бір шартқа отырды.
Олар 20 млн теңгеге жуық сомаға Былғары зауыты кенті бөгетінің ЖСҚ түзетті. «Готика» ЖШС сараптамадан өту үшін өзі төлем жасады, бірақ бұл шарт та әлі мемлекеттік қазынашылықта тіркелмеген. Ал тіркелмегендіктен, төлем де жоқ, - деді Әміржан Шәкей.
Дәл осындай келісім Қызылжар ауданындағы Тепличное елді мекеніндегі бөгетке қатысты да жасалған. Бұл жұмыс та атқарылды, бірақ бүгінге дейін төлем жоқ.
Облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов мәселенің жақын арада шешілетіндігін айтты.
- Қызылжар ауданы бойынша жақында мәслихат сессиясы болады, қаражат бөлінеді, төлем жасалады. Қалалық әкімдік бойынша да ақша кешіктіріліп төленеді, - деді Рүстем Құрманов.
Былтырғы төтенше жағдай кезінде жұмыс істеп, бірақ сол үшін төлем алмаған компаниялардың тағы бірі – «TFA GROUP» ЖШС. Жергілікті атқарушы органдардың ауызша тапсырмасы бойынша Петропавлда бөгет салу және нығайту үшін 109 мың текше метрден астам балшықты қыркүйектен желтоқсанға дейін тасыған.
- Компания 54 млн теңгеге балшық тасыды. Алайда, жұмыстың орындалуына және құрылыстың аяқталуына қарамастан, бас мердігер «ҚазСтройТехник» ЖШС Петропавл әкімдігінің ТҮКШ бөліміне сілтеп, шартқа қол қоюдан және төлем жасаудан бас тартып отыр, - дейді СҚО Кәсіпкерлер палатасы салалық кеңесінің төрағасы Әміржан Шәкей.
СҚО әкімінің орынбасары Рүстем Құрмановтың айтуынша, қалалық әкімдік бас мердігер «ҚазСтройТехник» ЖШС-мен толық есеп айырысқан. Сол себепті Петропавл қалалық ТҮКШ бөліміне мән-жайды анықтауды тапсырды.
Бұған дейін Петропавл маңындағы саяжай учаскелерін су басқанын жазған едік.