СҚО-да бір аптада «гонконг тұмауын» 50 шақты адам жұқтырды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында ЖРВИ жұқтырғандар саны төмендегенімен, тұмаумен ауырғандар көбейді.

Тұмау бала
Фото: Видеодан алынған скрин

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, эпидмаусым басталғалы 33 768 адам дәрігерге көрініп, оларға ЖРВИ диагнозы қойылды. Бұл өткен жылдың деңгейінде. Ауырғандардың 68% — 14 жасқа дейінгі балалар.

— Өткен бір аптада 2600-ге жуық адам ЖРВИ-мен ауырды. Бұл оның алдындағы аптадан 1,3 есе немесе 32% төмен. Қараша айының басынан тұмау жұқтырудың зертханалық расталған 173 жағдайы тіркелді. Бұл — A/H3N2 тұмауы. Бұдан бөлек тұмауға жатпайтын вирустар да айналымда жүр. Оның ішінде риновирустар, бокавирустар және аденовирустар бар. Барлығы 22 жағдай анықталды, — дейді санитар дәрігерлер.

Мамандар өздігінен үйде емделудің қауіпті екенін ескертеді, асқынған жағдайда өкпенің қабынуына әкелуі мүмкін. Сондықтан дене қызуы көтеріліп, мұрын бітелсе, тамақ ауырып, өзіңізді әлсіз сезінсеңіз бірден дәрігерге көрінген жөн. 

Бұған дейін СҚО-да 16 сынып ЖРВИ-ге байланысты қашықтан оқып жатқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар