СҚО-да бір айда малын қараусыз жіберген 114 адамға айыппұл салынды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында мал ұрлығымен күресу мақсатында түлігін еркін жайылымға жібергендер жазаланып жатыр.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде шамамен 900 мың бас төрт түлік бар. Мал мен ет өнімдерін бақылаусыз тасымалдау және сату мал ұрлығының жасалуына қолайлы жағдай туғызады. Оның алдын алу мақсатында облыста 10–12 ақпан аралығында «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Акция аясында полиция қызметкерлері ветеринариялық қызмет өкілдерімен бірлесіп, мал сату және сою орындарында тексерулер жүргізеді, автокөліктерді тоқтатып, құжаттардың заңдылығын қадағалайды. Сонымен қатар шаруашылықтар, фермерлік қожалықтар мен жайылымдық орындар ерекше бақылауға алынды.
Облыстың шекаралас аудандарында мал мен ет өнімдерін мемлекеттік шекара арқылы заңсыз өткізудің жолын кесу мақсатында көршілес мемлекеттердің уәкілетті органдарымен өзара іс-қимыл ұйымдастырылған.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары ауыл тұрғындарын өз мүлкін қорғап, малды қараусыз, еркін жайылымға жібермеу қажеттігін ескертті. Бос жүрген мал ұрыларға оғай олжа. Қаңтар айында өңірде жүргізілген профилактикалық жұмыс нәтижесінде 114 мал иесі түлігін қараусыз жібергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұған дейін Павлодар облысында мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталғанын жазған едік.