Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

СҚО-да бір жылда азық-түлік бағасы қалай өзгерді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында бір жылда азық-түлік тауарларының бағасы 11%, азық-түлік емес тауарлар 13%, ақылы қызметтер 15% өскен.

азық
فوتو: Anadolu ajansi

Ұлттық статистика бюросының СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, әсіресе сәбіз, қой еті, фармацевтикалық өнімдер мен шаштараз қызметтері қымбаттаған. Ал кейбір маусымдық көкөністер мен жемістердің бағасы, керісінше, төмендеген.

Мәселен бір жылда тоқаш және ұннан дайындалған кондитерлік өнімдердің бағасы шамамен 18% өскен. Ет өнімдері 17% қымбаттаған. Соның ішінде қой еті бағасы бір жылда 45%, жылқы еті 18% өскен.

Ашыған сүт өнімдерінің бағасы - 16%, алкогольсіз сусындар - 12%, сүт - 9%, күнбағыс майы - 5%, қант 2% қымбаттады.

Көкөністердің жалпы 4% қымбаттағанымен, жекелеген өнімдердің бағасы бойынша өсім әлдеқайда жоғары. Мәселен, сәбіз бағасы бір жылда 71%, қырыққабат 33%, басты пияз 28% қымбаттаған.

Десек те, қиярдың бағасы бір жылда - 50%, қызанақ 46% арзандаған.

Жемістер арасында да арзандаған өнімдер бар. Апельсиннің бағасы - 23%, алма 14% түскен. Яғни маусымдық өнімдер арасында айтарлықтай айырмашылық бар.

Бағасы өскен тауарлардың ішінде дәрі-дәрмек бар, ол 27% қымбаттады.

Жуу және тазалау құралдары мен жеке бас тұтынуына арналған тауарлар - 15%, тұрғын үйді жөндеу және күтіп ұстауға қажетті материалдар - 15%, киім мен аяқ киім - 14%, тұрмыстық аспаптар 13% қымбаттаған.

Жанар-жағармай бағасы да өскен. АИ-92 маркалы бензин - 11%, дизель отыны 9% қымбаттаған. Газ тарифі 31% жоғарылады. Электр энергиясы 4% қымбаттаған.

Қызмет көрсету саласында да баға өсімі бар. Шаштараздар мен сұлулық салондарының қызметтері - 28%, демалыс және мәдениет саласындағы қызметтер 19% қымбаттады.

Бұған дейін 1 тамыздан бастап Қазақстанда темекі қымбаттағанын жазған едік.